Түркістандағы қалашық ашық аспан астындағы музейге айналады

0
2 291

2017 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша археологиялық қазба жұмыстарын «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» жүргізуде


Түркістандағы қалашық ашық аспан астындағы музейге айналады

ERNUR.KZ. Күлтөбе қалашығының төбесі уақытша жабынмен қорғалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтсақ, Күлтөбе қалашығының цитаделінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бақылауында (Б.Ә.Байтанаев) және сол институттың білікті мамандарының (Е.Ә.Смағұлов, А.О.Ержігітова) күшімен іске асырылуда. Бұл жұмысқа «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің өз мамандары да атсалысуда. Осы жылдар ішінде І-ІІІ ғасырларда салынған төрт жапырақты гүлге ұқсас сирек кездесетін ғибадатхана (әлде кешік) қосалқы құрылысы және дәліздері, ауласы мен оңтүстік бетін қоршаған қорған қамалымен аршылды.

Сондай-ақ, қазбадан табылған және табылып жатқан біздің заманымыздың І-ІІІ ғғ., ІV-VІ ғғ. және VІІ-ІХғғ. жататын құрылыстар жауын-шашын әсерінен езіліп кетпес үшін үстін уақытша арнайы қалың тентпен және соңғы қазба жұмыстары барысында қалашықтың оңтүстік-шығыс бөлігінен аршылған құрылыс орындарын да уақытша профнастилмен жауып қоюға шешім қабылданған.

Еске салсақ, 2017 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша археологиялық қазба жұмыстарын «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» жүргізіп жатыр. 2016-2017 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігің Гранттық қаржыландыруы бойынша Ә.Марғұлан атындағы археология институты «Ежелгі Түркістан қамалы: қала мәдениетінің дамуы (архитектура, жобасы, стратиграфиясы)» тақырыбы зерттеу жүргізген болатын.

Айта кетейік, «Күлтөбе» қалашығындағы ғылыми-зерттеу және реставрация жұмыстары ескерткіштің барлық тарихи кезеңдерін анықтап, нәтижесінде қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыруға бағытталған.


«Күлтөбе» қалашығы (І мың жылдық ортасы –ХІҮ ғ.) «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ескерткіштер тізіміндегі Республикалық маңызы бар ескерткіш және Қазақстандағы көне қала орны. Қалашық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай - 350 метр жерде орналасқан. Сопақша келген, биіктігі - 9 метр, аумағы - 150х120 метр ауқымды төбешік.