Түркістандық азаматтар жалғызбасты анаға баспана кілтін табыстады

0
482

4 бөлмелі үй тұрмыстық техникалармен жабдықталған.


Түркістандық азаматтар жалғызбасты анаға баспана кілтін табыстады

Түркістандық түлектер бас қосып, мұқтаж отбасыға баспана салған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қасиетті Рамазан айында ізгі амал жасау түркістандық жастар арасында дәстүрге айналған. Жылдағы үрдіс бойынша «Бекзат» мөлтек ауданының 1990 жылы туған ер азаматтары бас қосып, баспана салған болатын. Бүгін тұрмыстық техникалармен жабдықталған 4 бөлмелі үйді 6 перзенттің анасы Нұргүл Әлібаеваға табыстады.

Көпбалалы ана бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген. 2017 жылы жұбайы дүние салған жалғызбасты ана Ерғазы, Ерасыл, Ералы, Ербұлан, Ерсұлтан және Қарақат есімді ұл-қызды тәрбиелеп отыр. Өз кезегінде қайырымды істің шарапатын көрген Нұргүл Жұмабайқызы жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын білдірді.

«Құрылыс жұмыстарын түгелдей өзіміз жүргіздік. Ақылдаса келе жаңа үйді көпбалалы анаға сыйлауды жөн санадық. Баспаналы болып, төбесі көкке екі елі жетпей тұрған отбасы мүшелерінің жүзіндегі қуанышты көріп, марқайып қалдық. Көпшілікпен жиналған қаражатқа үйді заман талабына сай етіп тұрғыздық. Атсалысқан барлық азаматтарға, демеушілерге Алла разы болсын», - деді ұйымдастырушылардың бірі Жалғас Сабыров.

Айта кетейік, Бекзат Саттарханов атындағы мөлтек ауданының 1982 жылы туған азаматтары 20 жылдық түлектер кездесу кешінде мұқтаж жанұяға баспана сыйлаған болатын. Аға буын елге тағзым жасауда жастарға осылайша үлгі көрсеткен. Кейін, 1988 және 1989 жылы туған азаматтар да Әз-наурыз мерекесі қарсаңында екі отбасының баспаналы болуына себепші болған. Енді 1991 жылы туған жігіттер де қайырымдылық эстафетасын келесі жылы жалғастыруға ниетті.