Түркістандық дәрігерлер 5 адамның бүйрегін алмастырды

0
347

Қазіргі таңда бақылауда жатқан екі науқас бар, олар жақын арада үйлеріне оралады.


Түркістандық дәрігерлер 5 адамның бүйрегін алмастырды

Түркістан облысының дәрігерлері 5 адамның бүйрегін алмастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 5 науқасқа бүйрек трансплантациясы отасы жасалды. Алғашқы ота мамыр айында жасалып, сәтті шыққан еді. Осы уақыт ішінде бес науқастың бүйрегі алмастырылды. Алғашқы ота А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының басшысы, профессор Б.Баймахановтың қатысуымен өткен. Трансплантацияланған науқастар жазылып, қалыпты өмірлерін жалғастыруда. Қазіргі таңда бақылауда жатқан екі науқас бар, олар жақын арада үйлеріне оралады.


Бүгін аурухананың бас дәрігері, конструкторлық бюро жетекшісі, Ж.Ділдабеков журналистердің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.


Соңғы кезде еліміздің медицина саласында қол жеткізген жетістіктер аз емес. Алдыңғы қатарлы озық технологиялардың арқасында жүрек, бүйрек алмастыру оталары сәтті жүзеге асырылуда. Ағза ауыстыруды қажет ететін науқастарды одан әрі іріктеу жұмыстары жүргізілуде.


Жалпы сұрақтар Қазақстанда және Түркістан облысында трансплантация қызметінің дамуына қатысты болды. Сондай-ақ трансплантацияланған науқастардың жағдайы, олардың донорларының жағдайы, жалпы донорлық мәселе көтерілді. Өйткені бүгінде барлық трансплантациялар тек туысқандардың ағзасын алмастыру арқылы жүзеге асады. Дей тұра, сырқаттарға донор тапшы. Ал, тапшылықты жою үшін «мәйіт донорлығын дамыту керек» - делінді басқосуда.


Дәрігерлердің айтуынша, сау адамның ағзасын басқа біреуге алып салғаннан мәйіт ағзасын салу әлдеқайда оңай, әрі қауіпсіз. Өйткені, сау адамның бүйрегін алу үшін оның да өміріне қауіп төнеді.


Ділдәбеков Ж.Б. айтуынша, 2016 жылдан бері трансплантология мамандарын, анестезиологтарды, фельдшерлік-медициналық қызметкерлерді даярлау жүргізіліп келеді. Мамандар Алматыдағы Ә.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық орталығынан, сондай-ақ Оңтүстік Кореяда, Беларусь Республикасында, Ресейде оқытылды. Сонымен қатар, Профессор Б.Б.Баймахановтың жетекшілігімен бауыр трансплантациясы жоспарлануда.