Түркістандық делегация Өзбекстандағы кәсіпорындармен танысты

0
794

Сапардың негізгі мақсаты – шағын өнеркәсіп ашуды көздеген кәсіпкерлерді Өзбекстан Республикасының шағын өнеркәсібімен таныстырып, тың жобаларды әкелу.


Түркістандық делегация Өзбекстандағы кәсіпорындармен танысты

Түркістан облысының делегациясы кәсіпкерлікті жандандыру мақсатында Өзбекстан республикасына іссапармен барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Дархан Аменгелдіұлының тапсырмасына сәйкес 21-23 шілде күндері Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен, басқарма басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың басшылығымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандарының әкімідері және 40-тан астам облыс кәсіпкерінен құралған делегация Өзбекстан Республикасына іссапармен барды.


Сапардың негізгі мақсаты – Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру аясында шағын өнеркәсіпті ашуды көздеген кәсіпкерлерді Өзбекстан Республикасының шағын өнеркәсібімен таныстырып, тың жобаларды әкелу. Сондай-ақ жібек кластерін дамыту бағытында тәжірибе алмасу және өңірге енгізу.


Биыл 21 шілдеде делегация қытайлық «PengSheng» компаниясының Өзбекстандағы Сырдария облысында орналасқан индустриалды аймағындағы жобалармен танысудан бастады. Индустриалды аймақта тері өңдеу, сантехника, желатин, кафель өндірістері және заманауи басқару жүйесімен мақта егілген. Кездесу барысында PengSheng басшыларына Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар қытай компаниясының қатысуымен облысымызда жаңа өндіріс орындарын ашу талқыланды.


Іссапардың екінші күні Өзбекстан Республикасының Жизақ облысының махалла, яғни ықшамаудандарда үй жағдайында ашылған өндіріс орындарында болды. Көп инвестициялық соманы талап етпейтін жобалар отандық кәсіпкерлерімізге тың идеялар ұсынды. Атап айтсақ, үй жағдайында балаларға арналған сөмке тігу, майлықтар шығару, әйелдерге арналған киімдер тігу, былғарыдан аяқ киімдер тігу және жиһаздар жасау бойынша жобалармен танысты. Сондай-ақ Жизақ облысындағы Кеңес одағы кезеңінде салынған ірі пластик өндіру зауытында болды. Ол зауытта бүгінгі таңда пластиктен әртүрлі қажетті бұйымдар мен құрылыс материалдары өндірілуде.


Делегация құрамы Жизақ облысында орналасқан ірі «Deya Group» тамақ өнімдері, «Vero Group» құрылыс материалдары және «ADM Jizzakh» кореялық KIA автокөлігін жинақтау зауыттарында болды.


Бағдарлама бойынша делегация 23 шілде күні Әндіжан облысында «Абдуфаттах» тұт ағаштарының плантациясын аралап, түрлі сорттарымен танысты. Облысымыздың кәсіпкерлеріне тұт ағашын өсірудің пайдасы түсіндірілді. Тұт ағашының плантациясын дамытуға аса көп инвестиция қажет емес. Сонымен бірге делегация жібек мата өндірісінің толық процесін бақылады. Осы салаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер жібек өндірушілерімен пікір алмасып, байланыс орнатты.