Түркістандық делегаттар «Amanat» партиясының съезіне қатысты

0
476

Қазіргі таңда 400-ден астам өтініш оң шешімін тауып үлгерген.


Түркістандық делегаттар «Amanat» партиясының съезіне қатысты

«Amanat» партиясына жаңа төраға сайланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезі партия төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бейнеконференцбайланыс арқылы өткен сьезге Түркістан облысынан партияның облыстық филиалының төрағасы Ө.Шөкеев бастаған 25 делегат қатысты.


Күн тәртібінде «ADAL» партиясы мен «AMANAT» партиясының қосылуы және саяси кеңес құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды. Алдымен партияның атқарушы хатшысы А.Оралов партияны модернизациялау барысында атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол өңірлердегі сапарының нәтижелерімен бөлісті.


Атқарушы хатшының айтуынша, наурыз айынан бастап қолға алынған мобильді қоғамдық қабылдаулары бүгінге дейін 196 ауылға барып, елмен кездесулер өткізген. Онда 2 мыңнан астам азамат өз шағымын жеткізген. Қазіргі таңда 400-ден астам өтініш оң шешімін тауып үлгерген. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарына қайтарылған жарналардың 20 пайызының арқасында партия филиалдарының 300-ден астам іс-шараны өткізуге мүмкіндік туғызғанын атап өтті.


«Алдағы уақытта ақпараттық белсенділікті арттыру мақсатында партияның мобильді қосымшасын іске қосу жоспарлануда. Қоғамдық кеңестердің жұмыстары жанданып, «TALQULAU» диалог алаңында сарапшылармен түрлі тақырыптарда ашық сұхбаттар жүргізіліп келеді. Ал «TazaLike» экоакциясы Оңтүстік өңірінен бастау алды», - деген атқарушы хатшы партияның жаңа тұғырнамасын да ұсынды.


Съезд барысында Парламент Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев қос партияның бірігуі ресурстарды ілгерілетуге және әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Ендігі кезекте саяси ұйым «Жаңа Қазақстан» реформасын одан әрі іске асыру жолында жаңа тәсілдер мен әдістерді ұсына алатынына сенім білдірді.


Партия Төрағасы Қ.К.Тоқаев партия ребрендингінен кейінгі өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, институтционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталып, қысқа мерзімде жүктелген міндеттер өз деңгейінде орындалуда. Нақты нәтиже бар. Осы қарқынмен жұмыс істеуді жалғастыру керектігін жеткізді. Сондай-ақ төраға партиялардың қосылуы саяси жүйені дамытатындығына сенім білдірді.


«Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды», - деді Қ.К.Тоқаев.


Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «AMANAT» партиясының Төрағасы ретінде өкілеттігін тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Президент сайлауында өзіне сенім артып, қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы алғысын да білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ешбір партияға мүше болмай, саяси тұрғыдан бейтарап қағиданы ұстануды құп көретіндігін жеткізді. Бұл ұстанымы әділдіктің нышанына айналады деп санайды.


Кезекті мәселеге қатысы Саяси Кеңес құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Съезд соңында Ел Президенті Партия Төрағасы лауазымына Ерлан Жақанұлы Қошановты ұсынып, делегаттар бірауыздан қолдады.


«Бүгінгі өзгерістер «AMANAT»-тың заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашады. Партия елімізді көркейтуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз», — деді Мемлекет басшысы.