Түркістандық депутат балаларға балмұздақ таратты

0
683

«Толағай» отбасылық-топтық спорттық сайысына қатысушылары мен көрермендеріне үлестірді.


Түркістандық депутат балаларға балмұздақ таратты

Жетісай аудандық мәслихатының депутаты балаларға балмұздақ таратты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні». Бұл күнді бүлдіршіндердің асыға күтетіні айтпаса да түсінікті. Өйткені, дәл осы күні көптеген қолы ашық, жаны жомарт азаматтар бүлдіршіндерге күтпеген сыйлықтар үлестіріп, кейбіреулерінің армандарының жүзеге асуына жағдайлар жасайды.

Жетісай аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі, бұған дейін де қайырлы істерден қалыс қалмаған Жұмағали Төреқұл аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлерімен бірге бүгінгі мерекеге орай бүлдіршіндерге тосын сый жасады. Депутат өз отбасының атынан Жетісай қаласындағы орталық саябақтағы мерекелік серуен құрып жүрген және «Қ.Мұңайтпасов» атындағы орталық стадионда «Толағай» отбасылық-топтық спорттық сайысына қатысушылары мен көрермендеріне 350 балмұздақты тегін үлестірді. Бүлдіршіндерді айтулы мерекелерімен құттықтап, болашақтарының жарқын болуына тілектестік білдірді.

«Біз үшін бүлдіршіндердің қуаныштарынан, бақытты күлкілерінен қымбат ешнәрсе жоқ. Өйткені, еліміздің болашағы, өміріміздің жалғасы, аманатымызға ие болар тұлғаларымыз – бүгінгі осы бүлдіршіндеріміз. Сол үшін де біз перзенттеріміздің, кішкентайларымыздың балалық шақтарының бақытты, қауіпсіз болуы үшін барымызды салуымыз керек. Бақыт – балмұздақ таратып, сый-сияпат жасаумен шектелмейді, бұл «Карантиндік режимде біздің мерекеміз ескерусіз қалды» деген ойдан бүлдіршіндерімізді арылту үшін ғана жасалған сый», - дейді депутат.

Айта кетейік, әрбір мерекеде түрлі санаттағы отбасылардың балаларына сый-сияпат жасауды ұмыт қалдырмайтын жас депутат бұған дейін бірнеше рет өз атынан планшет таратып, материалдық көмектер көрсетіп келген.