Түркістандық көкпаршылар ел чемпионатында жеңімпаз атанды

0
499

Еліміздің 15 өңірінен келген жасөспірімдер мықтыны анықтады.


Түркістандық көкпаршылар ел чемпионатында жеңімпаз атанды

Қостанай қаласында көкпардан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қостанай қаласында көкпардан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Еліміздің 15 өңірінен келген 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер командалары өзара сайысқа түсіп, ең мықтыны анықтады. Ел чемпионатын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы мен Қостанай облысының әкімдігі ұйымдастырды.


Алты күн бойы Қостанай атшабарын додаға айналдырған дүбірлі жарыста көкпар спортының жаңа да жас буыны қалыптасқаны анық көрінді. Ақтық сында түркістандықтар Қарағанды облысының құрамасын 14:1 ірі есеппен қарсыластарын ұтып, жарқын жеңіске жетті. Білікті басшы Болат Кунаев басқаратын Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері өздерінің мықты екенін тағы да дәлелдеді.


Жеңімпаздарды талай жетістіктерге бастап келе жатқан жүректі жігіт, атақты Бақтыбай шабандоздың ұлы, команда капитаны Нұрдәулет Төлешов бастаған өрендер тартысты чемпионатта дәстүрлі түрде тоғызыншы рет Ел чемпионы атанды. Ұлттық спорттың қайнарынан келген түркістандықтарға қарсы тұрып, күміс жүлдеге ие болған Қарағанды облысының командасы ерекше өнер көрсетті. Ел біріншілігінің үшінші орын тұғырына Алматы мен Шымкент қаласының командалары көтерілді.


Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом, кубок, медаль және Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы тағайындаған ақшалай сыйақымен марапатталды.