Түркістандық қызметкерлердің жұмысы бейнекамералармен бақыланады

0
561

Бұған тұрғындар түсірген арыз-шағымдар әсер еткен.


Түркістандық қызметкерлердің жұмысы бейнекамералармен бақыланады

Түркістандағы "Халықты жұмыспен қамту орталығына" камералар орнатылады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласында өткен апталық жиын барысында шаһар басшысы Рашид Абатұлы:

“#АшықӘкімдік, #ХалықтықӘкімдік ұстанымдарына сай жұмыс атқаруға, жергілікті мемлекеттік мекемелердің жұмыс жүйесіне өзгерістер енгізіп келеміз. Дегенмен, кейбір салаларда әлі де жемқорлық орын алуы және толыққанды міндеттерін атқармауы бойынша тұрғындардан шағымдар түсіп жатыр. Қолға алынған шараларға қарамастан аталмыш жайттардың орын алуы себебінен пилоттық түрде тағы бір күрес амалын енгізу қажеттілігі туындап тұр. Жуық арада арнайы сілтеме бойынша қалаған адам кіріп, "Халықты жұмыспен қамту орталығы" кеңсесінде орналастырылған бейнекамералар арқылы қызметкерлер жұмыс барысын тікелей эфирде бақылай алады.

Мемлекеттік мекемелердің халық игілігі үшін қызмет етуі - басты міндеті екенін ескере отырып, халық алдында есеп беруі және ашық болуы маңызды. Әр тұрғынның бақылауға, кемшіліктерін көрсетуге құқы бар. Осыған орай, жерлестерімізді жұмыс барысын жақсартуға үлес қосуға шақырамыз. Лауазымын асыра қолданған, заңсыз әрекеттер жасайтын қызметкерлердің халыққа зиян келтірмеуін халықпен бірге қадағалап, алдын аламыз", - деп, тұрғындармен ашық болудың жаңа тәсілін хабардар етті.

Осы орайда, жуық арада "Халықты жұмыспен қамту орталығына" бейнекамералар қойылады. Әр қызметкердің жұмыс үстелі жанына қойылатын камера арнайы парақша арқылы тікелей көрсетілетін болады.

Сондай-ақ, бейнебақылау арқылы әр қызметкердің іс-әрекеті назарға алынып, ретсіз, себепсіз жұмыс үстелінен қозғалуына тосқауыл болады. Тек себептермен орнынан тұруына мүмкіндік беріледі.

Соңғы уақытта, қызмет алушылардан түсіп жатқан шағымның көптігіне орай, аталған орталық Рашид Абатұлының шешімімен бейнебақылауға алынып, қызметті оңтайландыратын болады.