​Түркістандық медбике қызметін қуырылған балмұздақ жасауға айырбастағалы отыр

0
2 389

Бірнеше жылдар бойы Түркістан қаласындағы ауруханалардың бірінде медбике болып жұмыс жасаған жанның айтуынша арманын жүзеге асыру үшін кәсіпкерлік салаға бет бұруды жөн санаған.


​Түркістандық медбике қызметін қуырылған балмұздақ жасауға айырбастағалы отыр

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қуырылған балмұздақ түркістандықтар үшін таңсық атау және тың дүние болғалы тұр. Аталған кәсіпті қолға алуды жоспарлап отырған Гүлбахар Жекеева үш жылдан бері осы істі жандандыруды ойға алған. Медбикелік жұмысын тастап жаңа кәсіпке бет бұрған жанмен ERNUR.KZ тілшісі тілдесіп қайтты.

Бірнеше жылдар бойы Түркістан қаласындағы ауруханалардың бірінде медбике болып жұмыс жасаған жанның айтуынша арманын жүзеге асыру үшін кәсіпкерлік салаға бет бұруды жөн санаған.

- Қызылорда қаласында осы іспен айналысатын жандармен жүздесіп, қуырылған балмұздақтың жасалу технологиясымен таныстым. Қаламызға осы технологияны әкелсем мол табыс табуға болады деген ой туындады. Кәсіпкерлер палатасы Түркістан қалалық филиалының көмегімен «Бастау бизнес» жобасы бойынша тегін курс оқып, бизнес жобамды ұсындым. Бір ай бойы сала мамандары кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, өз жобамды қорғап шықтым. Осылайша мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бөлінетін 240 мың теңгені құрайтын грантқа ие болдым, - деді жеке кәсіпкер Гүлбахар Абатқызы.

«Бұл қаражат кәсібімді бастауға жеткілікті» дейді ол. Қуырылған балмұздақты жасауға арналған «Фризер» деп аталатын құрылғыны 200 мың теңгеге сатып алған. Қалған қаржыны сүт өнімі, жеміс-жидектер сатып алуға жұмсамақ ниетте.

Ал, тайландтық ролл қуырылған балмұздақтың дайындалу жолын сұрағанда, арнайы фризер аппаратында бір, бір жарым минут ішінде сүт коктейлі және қаймақ пен жаңғақ, балғын шие, өрік, алма, банан сынды жемістермен дайындалатынын түсіндіріп берді.

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының тумасы осыдан он сегіз жыл бұрын түркістандық Баянбек есімді азаматпен шаңырақ көтерген. Ұлы Дәулет пен келіні Назым да жуық арада бастағалы отырған ісінің өрге домалауына қолғабыс жасамақ. Кәсіпкер жан отбасылық бизнесін алдымен қаланың орталығындағы ғимарттарды жалға алып бастап, болашақта кеңейтуге де ниетті екенін білдірді.