Түркістандық оқушы ел чемпионатының абсолюттік чемпионы атанды

0
736

Түркістан қаласында ҚР чемпионаты өтті.


Түркістандық оқушы ел чемпионатының абсолюттік чемпионы атанды

Үстел теннисінен жас спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2021 жылдың қазан айының 5 – 10 күндері аралығында Түркістан қаласының «Б.Шолақ» спорт кешенінде үстел теннисінен 2008 жылы туылған және одан жас спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өткен болатын.


Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған аталмыш чемпионатқа Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Назир Рамазан мен №13 «Н.Төреқұлов» атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Қарақат Серікбай қатысып, бақтарын сынады.


Ел чемпионатының қорытындысы бойынша үстел теннисінен «спорт шебері» атағы бар Назир Рамазан жекелей сында І орын, аралас сында І орын, жұптық және командалық сындарда жүлделі І орын иеленіп абсолютті жеңімпаз атанса, Қарақат Серікбай жүлделі ІІІ орын иеленген.


Жас спортшылар мен олардың жаттықтырушысы Ержан Есімхановты бүгін Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек пен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов қабылдап, жеңістерімен құттықтады. Сабақтарына табыс, алдағы байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінулерін тіледі.


Бұған дейін де талай жарыстарда топ жарып, қарсылас шыдатпаған Нәзір Рамазан үстел теннисінен Қазақстан Республикасы жастар құрамасында өнер көрсетсе, Қарақат Серікбай Түркістан облысы жастар құрамасының мүшесі.