Түркістандық оқушылар «Ілияс оқулары» байқауында топ жарды

0
494

Қазақстанның барлық өңірінен нағыз талантты, дарынды оқушылар қатысты.


Түркістандық оқушылар «Ілияс оқулары» байқауында топ жарды

Түркістан облысының оқушылары республикалық «Ілияс оқулары» байқауында топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауыныңреспубликалық кезеңі онлайн режимде өтті.


Жетісу облысының білім басқармасының «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен білімділер сайысында оқушылар 3 бағыт бойынша бақ сынасты. «Ілияс – қазақ поэзиясының жыр құлагері» атты бірінші бағыт бойынша қатысушылар Ілияс Жансүгіровтың бір өлеңін және «Құлагер» поэмасынан бір үзіндісін жатқа айтса, «Ұлы тұлғаға арнау» атты екінші бағыт бойынша шәкірттер ақынға арнап шығарма жазды. Үшінші бағыт – «Ілияс – қарасөз шебері» деп аталып, қатысушылар қаламгердің прозалық немесе драмалық шығармаларынан үзінді мәнерлеп оқудан жарысты.


Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Ілияс оқулары» байқауының республикалық кезеңіне Қазақстанның барлық өңірінен нағыз талантты, дарынды оқушылар қатысты. Байқауға Түркістан облысы атынан 3 оқушы қатысып, нәтижесінде республикалық кезеңінде топ жарып, 3 бағыт бойынша жүлделі орындарды иеленді.


Білімділер сайысында бас жүлдені Түлкібас ауданының 10-сынып оқушысы Сағындық Сұлтан қанжығасына байлады. II орынды созақтық 9-сынып оқушысы Бабайхан Дастан жеңіп алса, жүлделі ІІІ орынды Түлкібас ауданының 8-сынып оқушысы Жайықбек Эльдана жеңіп алды.