Түркістандық полицейлер ұрлыққа түсіп, жалаң аяқ қашқан күдіктіні ұстады

0
839

Күдікті қолына ілінген бижутерияларды алған күйі, үй иесін көре сала аяқ киімін киместен қашып үлгерген.


Түркістандық полицейлер ұрлыққа түсіп, жалаң аяқ қашқан күдіктіні ұстады

Түркістан облысы полицейлері пәтерге ұрлыққа түсіп, жалаң аяқ қашқан күдіктіні құрықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Арыс АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, түскі уақытта үйінен шығып, бір затын ұмытып кетуіне байланысты қайта келгенінде үй ішінде белгісіз біреудің жүргенін көрген. Ал жымысқы ойын іске асыра алмай қалған күдікті қолына ілінген бижутерияларды алған күйі, үй иесін көре сала аяқ киімін киместен қашып үлгерген. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 15 000 теңгені құраған.

«Сондай-ақ, тұрғын үйге ұрлыққа түскен ұрыны ұстау мақсатында аудандық полицейлер тез арада оқиға орнына жетіп, барлық қажетті іс-шараларды жүргізген. Ал, осы аймаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторы, полиция полковнигі Нұрмахан Арынов шұғыл әрекет етіп, аяқ киімсіз кеткен ұрыны іздеп жақын аймақтарды аралауға шығады. Шамамен 1,5 шақырым қашықтықта қыстың аязды күні жаздық сүйретпе киіп жүрген азаматты көріп, тексереді. Нәтижесінде, күдікті өз кінәсін толық мойындап, АПБ-не жеткізілген, қазір қамауда», - делінген ТО Полиция департаментінің хабарламасында.

Тергеу барысында күдіктінің Арыс қаласының тумасы, алайда бүгінде Шымкент қаласында тұратындығы белгілі болды және бұрын сотты болған. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары күдіктінің тағы бір пәтер ұрлығына қатыстылығын анықтады. Бұл ұрлықты 10 күн алдын жасаған. Жәбірленушінің үйінде ешкім жоқтығын және үйге кірер есігінің ашық қалғанын пайдаланып,ақша, ұялы телефон, алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі шамамен 400 000 теңгені құраған.Қазіргі таңда күдіктінің осындай басқа да істерге қатыстылығын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.