Түркістандық самбошылар Әлем чемпионатына жолдама алды

0
542

Азия біріншілігінде топ жарған.


Түркістандық самбошылар Әлем чемпионатына жолдама алды

Азия біріншілігінде топ жарған түркістандық самбошылар Әлем чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Самбо күресінен Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында Азия чемпионаты өтті. Турнир 4-6 маусым аралығында жалғасты. Балуандар белдесуінде Түркістан облысының спортшылары ел қоржынын 3 алтын, 1 күміс, 6 қола медальмен толықтырды. Жағымды жаңалықты Түркістан облысы бойынша самбо күресі федерациясының вице-президенті Самат Рысбеков қуанышпен жеткізді.


Алтыннан алқа тағынғандардың арасында Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі, жас бапкері Айжан Жылқыбаева да бар. Самбо күресінен 48 келі салмақта Қазақстанның 11 дүркін, Азияның 5 дүркін чемпионы жыл басынан бастап 50 келі салмаққа ауысқан болатын. Айжан Аманжолқызы әлем біріншілігінде жаңа салмақта ересектер арасында бақ сынайды.


Сонымен қатар, Бексұлтан Дүйсенов 71 келіде, Диас Дәулетов 64 келіде, Ұлбосын Әділова 80 келіде, Нурила Асанқызы +80 келіде жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында белдеседі. Самбодан өтетін әлем чемпионаты 8-12 қазанда Моңғолияның астанасында өтеді деп жоспарланған.