Түркістандық шаруаларда су тапшылығы болмайды

0
1 455

Түркістан аумағында Кеңсай, Қосқорған су қоймалары салынады. Бұдан бөлек Сырдария өзенінен машиналы канал салу жоспарлануда.


Түркістандық шаруаларда су тапшылығы болмайды

фото: ашық дереккөзден алынған

Түркістан қаласында егістік алқаптарына арналған су тапшылығы толығымен жойылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов айтып өтті.
"Бұл мәселе «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында өз шешімін тапқалы отыр. Түркістан магистралды каналын жөндеуден өткізу арқылы 60 млн текше метр суды үнемдейтін боламыз. Сондай-ақ, Кеңсай, Қосқорған су қоймаларын саламыз. Бұдан бөлек Сырдария өзенінен машиналы канал салуды жоспарлап отырмыз. Қазір құжаттамалары дайындалуда. Кеңес дәуірі кезеңінде Түркістан қаласының Шорнақ беткейіндегі елдімекендерінің көбісі ағын суды тік дренажды ұңғымалар арқылы алған. Бүгінгі таңда 364 ұңғымалардың 134 жарамсыз жағдайда. Соның баршасы қалпына келтірілетін болады. Осы жобалар жүзеге асқан жағдайда жалпы 195 млн текше метр ағын суды қосымша алып келуге мүмкіндігіміз болмақ. Сонымен Түркістан қаласының айналасын толық суландыруға қол жеткіземіз, - дейді Нұрбек Бадырақов.
Жалпы жыл сайын Түркістан қаласының аумағындағы егістік алқаптарына 180 млн текше метр суармалы су жетіспейді. Соның себебінен 7500 агроқұрылым екінші, үшінші суармалы суды тұтына алмай отыр. Нәтижесінде, 6 млрд. теңгенің өнімін жоғалтуда.