​Түркістандық шебер аяқкиім тігетін шәкірттер дайындауды көздеп отыр

0
2 178

Былғарыдан аяқ киiм жасаушы шебер Баһадүр Сәйдiғаниевтiң осы салада еңбек етiп жүргенiне 30 жылға жуық уақыт болыпты.


​Түркістандық шебер аяқкиім тігетін шәкірттер дайындауды көздеп отыр

Саналы ғұмырын аяқ киім тігу саласына арнаған түркістандық азамат әлi де талмай жұмыс жасаумен қатар шәкiрт тәрбиелеп, аманат жолды келесi буын өкiлiне табыстауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Түркістан қаласына танымал болып үлгерген шебер ERNUR.KZ тілшісімен сұхбаттасқанда айтып берді.

Былғарыдан аяқ киiм жасаушы шебер Баһадүр Сәйдiғаниевтiң осы салада еңбек етiп жүргенiне 30 жылға жуық уақыт болыпты. Оның айтуынша бұл өнердiң бүгiнгi күнi кешеуiлдеп тұрған жайы бар. Ол 9-10-сыныпта оқып жүргенде көршiсi, етiкшi Нарзулла Сайдуллаұлына қолғабыс жасап жүрiп осы iспен айналысуға қызығушылығы артқан.

Мектеп бiтiрген соң қаладағы “Горпром” комбинатына аяқ киiм жасау шебері болып жұмысқа орналасқан ол еңбек ете жүріп 1989-1992 жылдары Ташкент қаласындағы Ташполитехникумын “Былғары өнiмдер технологi” мамандығы бойынша сырттай оқып алады. Бертiн келе “Клен” кооперативiнде аяқ киiм шеберi, “Дружба” фирмасында аяқ киiм шығаратын цехтiң мастерi болып жұмыс жасаған. 2001 жылдан берi жеке кәсiпкер ретiнде өз кәсiбiн қолға алып, аяқ киiм тiгумен айналысуда.

Өзінің шағын цехы да бар. Кез келген өлшемде, қалаған пiшiнде тапсырыспен тiгетiн аяқ киiмдерiн 8-10 мың теңге тiптi одан да жоғары бағада саудалайды. Былғары өнiмдерiн Шымкент қаласынан тапсырыспен алдырады.

Шебер өндiрген өнiмiне маркалы брендтiк атау алып, кәсiбiн кеңейтудi жоспарлап отыр. Сондай-ақ, былғары өнiмдерiн өңдеп, аяқ киiм жасау кәсiбiн дамыту үшiн мектеп қабырғаларында еңбек пәнiнен, колледждерде курстық сабақтар ретiнде өткiзу керектiгiн алға тартқан ол қалалық бiлiм бөлiмiмен етене жақын қарым-қатынас жасап келедi. Бар ойы шәкiрт тәрбиелеп, аманат жолды келесi буын өкiлiне тапсыру. Сол үшiн бар өмiрiн осы салаға арнаған азамат әлi де талмай жұмыс iстеуге ниеттi.

Шебердiң айтуынша, бiр тұтынушы тапсырыспен тiккiзген мәсiнi 5 жыл, келесi бiрi қысқы спорттық аяқ киiмдi 3 жыл тұтынғанын айтып, алғыстарын бiлдiрген. Бұл қаншалықты сапалы өнiм жасап жатқандығына дәйектi дәлел боларлықтай әрi тұтынушыға сапалы өнiм ұсынып алғысын алу Баһадүр үшiн үлкен жетiстiк.

Аяқ киiмнiң кез келген мезгiлге сай барлық түрiн тiгудi меңгерген аяқ киiм шеберi былғарының адам денсаулығына айтарлықтай пайдалы, ал жасанды былғарыдан жасалған өнiм түрлi ауруларға әкелiп соқтыратынын айтады. Әсіресе бүйрек ауруы, ревматизм, терi ауруларына шалдығуы мүмкiн екендігін айтады аяқкиім шебері.