Түркістандық тоғызқұмалақшылар ел чемпионатында топ жарды

0
294

«Классика» және «блиц» түрінен өзара жеңімпазды анықтады.


Түркістандық тоғызқұмалақшылар ел чемпионатында топ жарды

Тоғызқұмалақтан әйелдер арасындағы ел чемпионатында Түркістан облысының спортшылары топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан әйелдер арасындағы ҚР командалық чемпионаты аяқталды. Финалдық бәсекені тамашалауға «ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы» президенті Әлихан Бәйменов қатысты. Бір аптаға созылған тартысты бәсекенің жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Терең ойды талап ететін додаға 10 команда, 70-тен астам зияткер қатысып, «классика» және «блиц» түрінен өзара жеңімпазды анықтады.


Жарыс нәтижесі бойынша Түркістан облысының әйелдер құрамасы тоғызқұмалақтың «классикка» және «блиц» түрінен мықтылық танытып, жалпыкомандалық І орыннан көрінді. «Классика» түрінен жүлделі ІІ орынды Қызылорда облысының спортшылары иеленсе, Павлодардық құрамасы ІІІ орынды місе тұтты. Тоғызқұмалақтың «блиц» түрі бойынша Түркістан облысының намысын қорғаған команда І орынды жеңіп алды. ІІ орынды павлодарлық спортшылар қанжығасына байласа, ІІІ орын Ақтөбе облысының командасына бұйырды. Ел чемпионатында топ жарған жерлестеріміз – Болат Қонаев басқаратын Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірттері.