Түркістандық жас ана жәрдемақыға сот арқылы қол жеткізді

0
1 501

Ол баласының бір жасқа дейінгі күтіміне мемлекеттік жәрдемақыны дер кезінде рәсімдей алмаған.


Түркістандық жас ана жәрдемақыға сот арқылы қол жеткізді

коллаж: today.kz

Бала туғанда бір жасқа дейін төленетін жәрдемақыдан қағылған жас ана апелляциялық шағым келтіріп, сотта жеңіп шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан қаласының тұрғыны Г.Тәжібаева баласының бір жасқа дейінгі күтіміне мемлекеттік жәрдемақыны дер кезінде рәсімдей алмаған. Оған басты себеп - сәбиінің денсаулығы көрінеді. Нәрестесінің ауырып, жәрдемақы құжаттарын ресімдеуге мұршасы келмеген. Емделіп, перзентінің беті бері қарағаннан кейін ғана құзырлы органдарға құжаттарын өткізбекші болған. Алайда «Азаматтарға арналған Үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» Департаментінің Түркістан қалалық бөлімшесі Г.Тәжібаеваның бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақыларды алу туралы өтінішін баласының бір жасқа толып қалғандығына байланысты қанағаттандырудан бас тартқан.

Жас ана жәрдемақы алу үшін өтініш беру мерзімін қалпына келтіріп, аталған мекемені жәрдемақы алу үшін құжаттарын қабылдауды міндеттеу жөніндегі талап арызбен сотқа жүгінген. Алайда, бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырусыз қалдырып, анасы мен баласын жәрдемақысыз қалдырады. Дегенмен, тауы шағылмаған жас ана Түркістан облыстық сотының апелляциялық сот алқасына шағым арыз береді.

"Істі алқада қарау барысында Г.Тажибаева өзінің жеке куәлігін және баласына туу туралы куәлікті баласының денсаулығының нашарлап кетуіне байланысты заңда көрсетілген мерзімде ала алмағандықтан, жәрдемақыларды алуға өтініш беру мерзімін өткізіп алғаны анықталған.
Нәтижесінде алқа бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, Г.Тажибаеваның жәрдемақы алу үшін өтініш беру мерзімі қалпына келтіріп, аталған мекемені жәрдемақы алу үшін Г.Тажибаеваның құжаттарын қабылдауды міндеттеу жөнінде жаңа шешім қабылдап, жас балалы ананың құқығын қорғады",
- деп хабарлайды Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.