Түркістандық жас суретші бас жүлдені бермей жүр

0
1 847

Оның бұл салаға келгеніне көп уақыт өте қоймаған.


Түркістандық жас суретші бас жүлдені бермей жүр

Түркістандық оқушы суретшілер арасындағы сайыстарда топ жарып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы №17 Ататурік мектеп гимназиясының 9 сынып оқушысы Ақылбек Рамазанның сурет үйірмесіне қатысып жүргеніне бір жарым жылдай уақыт болыпты. Рамазанның бұл өнерге жақындауына апасы мен суретші әкесі себепкер болған екен. Ол кішкентайынан әкесінің бойына дарыған өнеріне қызығып, сурет салуға деген құштарлығы арта берген көрінеді.


«Әкем 5 сынып оқып жүргенде сурет үйірмесіне емес, боксқа берді. Баламын ғой, барлық дүние мен үшін қызық болды. Осы спорт түріне белсене қатысып, бірнеше жарыстардан жүлделі оралдым. Одан кейін домбыра тартуға қызығып, сол үйірмеге жазылдым. Дегенмен, шығармашылық пен спортты бірдей алып жүру маған қиынға соқты. Сондықтан 2 жыл өткен соң боксты тастауыма тура келді», - дейді суретші Рамазан.

Ол бокстан қол үзгесін өзіне үзіліс жариялап, мектептегі сабаққа көңіл бөліпті. Кейіннен Түркістан қаласында Оқушылар сарайы ашылғанын естіп, домбыра үйірмесіне жазылған.


«Бір күні тізімнің ішінен сурет үйірмесін байқап қалып, өзімді тағы бір қырымнан сынап көргім келді. Осылай қыс басталғалы сыныптасыммен бірге сурет үйірмесіне қатысып келеміз. Жетекшім – суретшілер одағының мүшесі Мұрат Шаханбаев. «Үлгі тұтатын адамың кім?» десе, Мұрат ағайды айтар едім. Бірақ, екеуміздің сурет салу стиліміз екі түрлі. Бейнелеу өнерініңерекшелігі осында. Мен үшін сурет салу ерекше бір сезім, ол сәтте менің миым демалып, барлық қиындықты ұмытамын», - дейді жас дарын.


Рамазан осы жылы 9-сыныпты бітірген. Ендігі уақытын тек қана сурет өнеріне арнамақшы. Қазіргі басты мақсаты – Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының кескіндеме, мүсін және дизайн факультетіне оқуға түсіп, одан әрі архитектура бойынша жоғарғы оқу орында білім алу.

Жас қылқалам шеберінің осынау өнерге келгеніне көп уақыт болмаса да, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерген. Мәселен, «Балбұлақ» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндерден және ақынның өлеңдерін оқудан ІІ Халықаралық өнер байқау ұйымдастырылып, сол байқауда «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша Акылбек Рамазан бас жүлде иеленген. «1 наурыз – Алғыс айту күніне» орай ұйымдастырылған «Рахмет саған, туған жер!» тақырыбындағы этнос жастары арасында өткен байқауда да жеңіс тұғырынан көрініпті. Ендеше, біз де жас таланттың жолы ашық болып, шығармашылығы шыңдала берсін деп тілейміз!