Түркістандық жастар экс-депутатпен кездесті

0
1 563

Оразкүл Асанғазиева еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастаған.


Түркістандық жастар экс-депутатпен кездесті

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Оразкүл Асанғазиева мақтааралдық жастармен жүздесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Атакент кентінде орналасқан Мақтаарал аграрлық колледжінде өткен келелі кездесуге Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов, колледждің ұстаздары мен студенттері қатысты. Кездесудің ашылуында қазақ тілінің жанашыры, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықының өмірі мен еңбек жолы жайында бейнеролик көрсетілді. Содан кейін, жастармен еркін тақырыпта әңгіме өрбіткен мемлекет және қоғам қайраткері бүгінгі қоғамдағы олқылықтар мен жеткен жетістіктер, қазақы салт-дәстүр мен отбасындағы ұл, қыз тәрбиесі, ата-ананың отбасындағы рөлі мен орыны, қадір-қасиеті, баланың ата-ана алдындағы міндеттері мен парызы жайына кеңінен тоқталды.

«Қазіргі уақытқа бай адам – сіздерсіздер. Сондықтан, қазірден бастап бәсекеге қабілетті болыңыздар, бір емес бірнеше мамандықты игеріңіздер. Ол үшін сіздерге елімізде барлық жағдай жасалған. Әлемді ауызына қаратқан елдердің өзінде жастарға біздегідей мүмкіндіктер қарастырылмаған. Сіздер бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қанша биікке көтерілсеңіздер де қазақы тәрбие мен ұлттық болмысымызды сақтап қалыңыздар», - деген Оразкүл Асанғазықызы жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, Оразкүл Асанғазиева қарапайым мұғалімдіктен бастап қызметтік баспалдақпен көтеріліп, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне дейін жеткен.