Түркістандықтар қылмыстың алдын алу үшін күш біріктіріп жатыр

0
1 697

2020 жылы өз-өзіне қол жұмсаудың 5 жағдайы анықталған.


Түркістандықтар қылмыстың алдын алу үшін күш біріктіріп жатыр

Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Жетісай жоғары медицина колледжінде студенттермен алқалы жиын өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, әлімжеттік фактілерін, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерте жүктілік пен зиянды әдеттерге әуестікті болдырмау мақсатында өткен басқосуға Жетісай аудандық прокуратурасының прокуроры Мұхтар Әлжанов, аудандық мәслихат депутаттары Көбейбек Әлиев пен Рүстем Наматуллаев, Жетісай аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювиналды полиция тобының аға инспекторы Ерғали Байменов, «Нұр Алла» мешітінің наиб имамы Қажымұқан Сапарбек, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Құрманбек Рысмаханов қатысты.

Кездесу барысында құқық қорғау саласының мамандары балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, заңдылықтарын түсіндірді. Аудан прокуратурасының прокуроры Мұхтар Сауытұлы тиісті мекемелердің біргелікте жүргізген жұмыстарының нәтижесінде жастар арасында жасалатын қылмыстар санының жылдан жылға азайып келе жатқанын баса айтты. Нақтырақ айтар болсақ, өткен жылдың 12 айында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған жасалған 12 қылмыстық құқық бұзушылықтың 4-і ұрлық, 1-і кісі өлтіру, 4-і алаяқтық және 3-і бұзақылық болса, биылғы жылдың басынан бері кәмелетке толмағандар тарапынан қылмыстық құқық бұзушылық деректері орын алмаған. Сонымен қатар, 2020 жылы өз-өзіне қол жұмсаудың 5 жағдайы анықталса, 2021 жылдың басынан бері 1 жәйт орын алған.

Кездесу барысында жастар арасындағы осындай олқылықтарды болдырмау мақсатында рейдтік шаралардың күшейтілгенін айтқан Ерғали Байменов түнгі уақыттарда ата-анасынсыз үй-жайынан тыс жерлерде – компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда болуларына тыйым салынғандығын, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналарды анықтап, тиісті шаралар көру мақсатындағы рейдтік шаралар барысында анықталған заң бұзушылықтарға байланысты – карантиндік режимін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚтК-нің 425 бабы қарастырылса, кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық мекемелерінде болуы 442 баптың 1 бөлігінде қаралып ата-анасына 3 АЕК көлемінде айыппұл салынатындығын, ойынхана иесіне кәмелетке толмағандарды кіргізгені үшін 132 бап 1 бөлігімен 10 АЕК-тен 120 АЕК-ге дейін айыппұл қарастырылғанын қатаң ескертті.

Ал, аудандық мәслихат депутаттары Көбейбек Әлиев пен Рүстем Наматуллаев, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Құрманбек Рысмаханов жастардың сапалы білім алып, білікті маман болулары үшін жасалып жатқан жағдайлар мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың барысына, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысына, нәтижелеріне тоқталды. Қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жиын соңында жастар арасындағы қылмыстардың алдын алу ісінде күш біріктіріп, жұмыла күресуге уағдаласты.