Түркістандықтар мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа тұрып жатыр

0
675

523 миллион теңгенің 18 жобасы бойынша жұмыс орындары құрылады.


Түркістандықтар мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа тұрып жатыр

Мақтааралда мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа тұрғандар көп, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі түрде іске асып жатыр. Аталған бағдарлама шеңберінде әлеуметтік-мәдени объектілерді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін жөндеу жұмыстары ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жұмыс орындарын құру арқылы жүргізілуде. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысушы жұмыссыздардың орташа жалақысы ең кемі 85 000 теңге болады.

Атап айтқанда, аудан орталығындағы «Мәңгі алау» мемориалдық кешенін реконструкциялау жобасы бойынша 38 жұмыс орны құрылған болса, соның ішіндегі 19 орын тіркеуде тұрған ресми жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жоспарланған. Сондай-ақ, № 31 Береке орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу жобасы бойынша 45 жұмыс орыны құрылып, соның 23-і ресми жұмыссыздардың еншісіне жоспарланған.

Сонымен қатар, ауданның № 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8, 10, 14, 17, 125, 26, 31, 34, 37, 39 мектептеріне модульдік санитарлық тораптарды орнату жобасы шеңберінде құрылған 46 жұмыс орнымен 31 жұмыссыз тұрғынды ресми қамту көзделіп отыр.

Жалпы, аудан бойынша 523 миллион теңгенің 18 жобасы бойынша
129 жұмыс орыны құрылған болса, соның ішіндегі 73 жұмыс орнын ресми тіркеудегі жұмыссыздар қатарымен толықтырып, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 41 жұмысшыны сол нысандарда тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарлануда.