Түркістандықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

0
698

Биыл қуғын-сүргіннің етек алғанына 84 жыл толыпты.


Түркістандықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Жетісайда «31 мамыр – саяси қуғын–сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне» арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«31 мамыр – саяси қуғын–сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні». Ел тарихындағы осынау бір зобалаң жылдар таңбасымен қалған ашаршылыққа 89 жыл, қуғын-сүргіннің етек алғанына 84 жыл толыпты биыл.

Осыған орай Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен «Сырдария» университетінің ұйымдастыруымен ауқымды шара болып өтті.

«Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Түркістан облысы Қоғамдық Даму Басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының қызметкерлері, «Сырдария» университеті мен Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі студенттерінің қатысуымен бір минуттық үнсіздікпен басталған шарада тарих саласының мамандары ел басына қара бұлт боп төнген сол бір қайғылы жылдардың ауыр зардаптары туралы кеңінен баяндады. Арнайы бейнефильмдер көрсетіліп, тағылымдық әңгімелер айтылды.

ХХ ғасырдың басындағы күштеп ұжымдастырудың салдарынан болған қолдан жасалған ашаршылықта 2 миллионнан астам қазақ аштан қырылса, 1 миллионға жуық қандасымыз атажұртты тастап өзге елде бас сауғалады. Ал, елінің бас көтерер азаматтарына «ұлтшыл» деген айып тағылып, «халық жаулары» атанды. Итжеккенге жер аударылып, еңбекпен түзеу лагерьлеріне жабылып, жазықсыздан-жазықсыз ату жазасына кесілді.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жарлары да, отбасылары мен туыстары да ауыр жазаға ұшырады. Бұның бәрі де қылышынан қам тамған Кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың кесірінен орын алды. Сондықтан да «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының басына түскен нәубетті келер ұрпақ қайталамауы тиіс, тура жолға бағыт алу үшін өткен күннің қаралы беттерінен сабақ, тарихтан тағлым алуымыз керек, жастарды бірлікке, патриоттық сезімге тәрбилеп, еркіндіктің қадірін терең түсіндіре білуіміз керек», - дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Құрманбек Рысмаханов.

Ал, Сталиндік террорлық саясаттың салдарынан 101 мың қазақстандық ГУЛАГ-қа жабылып, 27 мыңы атылып кете барса, бүгінгі таңда сол «халық жауларының» 40 мыңы ғана ақталды. Алайда, кеңестік дәуірдегі қазақ халқының тарихында орын алған қайғылы да қасіретті жылдар зардабы әлі күнге толық зерттеле қойған жоқ. Әр деректе әрқалай айтылады. Сол себепті оларды еске салатын мұражай ашып, тарихшылар зерттеу жұмыстарымен терең айналысуы, олардың ерліктері мен еңбектерін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау қажет, жастар бүгінгі тәуелсіздікке тәу етулері керек деген түйін айтылды шара барысында.

«Біз өткеннен тағылым ала білуіміз керек. «Тарих тек ғылым үшін зерттелмейді, ол тарихтан тағылым алу үшін, сабақ алу үшін зерттеледі» дейді ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздігімізге тәу етіп оның қадірін, бүгінгі күннің қадірін түсініп, болашақта еш уақытта бұл азап қайталанбасын деп тілейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - дейді профессор Мырзабай Мейірбеков.

Ия, халқымыздың өз тәуелсіздігі жолында құрбан болып, аяусыз қуғын-сүргінге ұшыраған кешегі «Бес арысымызды», «Үш бәйтерегімізді», «Алаштық» өрендерімізді ешқашан ұмытпай, зұлмат ашаршылықты қайталамай, жас ұрпақ – біздер еркіндіктің қадірін терең түсініп, қастерлей алуымыз қажет. Ұлттар арасындағы бірлік пен ынтымақ, ел ішіндегі саяси тұрақтылық қашанда басты байлығымыз болуы тиіс.