Түркістандықтарға құрт үлестірілді

0
611

"Қазақтың құрты — алғыстың символы" деуге негіз бар.


Түркістандықтарға құрт үлестірілді

Бүгін Түркістанда Алғыс айту күніне орай, құрт тарату рәсімі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Алғыс айту күнінде құрт таратудың символдық мәні бар. Қиын-қыстау жылдарда түрлі этнос өкілдері қазақ жерінен пана тапқаны белгілі. Сол кезеңде қазақтар қамақта отырғандарға көмектескісі келеді. Алайда көмектесейін десе, өздері қудалауға ұшырайды. Үлкендер ақылдасып, балаларға лагерьлерде жұмысқа жегілген тұтқындарға құрт лақтыртады. Олар құртты теріп алып, осы тағаммен жан сақтап, аман қалған. Мінеки, сондықтан да, "қазақтың құрты — алғыстың символы" деуге негіз бар.


Бүгінгі игі шара барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері қала көшелерінде өтіп бара жатқан азаматтарға арнайы тілек жазылған құттықтау хат пен құрт үлестіріп, мерекемен құттықтады. Өз кезегінде тұрғындар да алдағы Алғыс айту күні туралы пікірлерін айтып, мереке қарсаңында өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.


"Алғыс айту – адамдықтың, ризашылықтың белгісі. Мұндай кезде адамдардың бір-біріне алғысын білдіріп, өздеріне жасаған жақсылықтарды еске алуы аса маңызды. Бұл жақсылықты бағалай білуге, оған жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Бүгінде Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқымыздың ең сүйікті мерекелерінің біріне айналуда", — дейді Дәулет есімді облыс орталығының тұрғыны.


Айта кетейік, Түркістан облысында 1 наурыз — Алғыс айту күніне орай онкүндік басталған болатын. Мерекелік іс-шаралармен айшықталатын әр күн адамдарды ынтымақ пен бірлікке, татулыққа шақырады.