Түркістанға сарыағаштық ардагерлер келді

0
307

Ардагерлемен бірге арнайы медицина қызметкерлері жүрді.


Түркістанға сарыағаштық ардагерлер келді

Сарыағаш ауданының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері түркі әлемінің рухани астанасында болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қариялар Ясауи кесенесінен бастап, Керуен сарай, «Түркістан-Арена», «Ұлы дала елі» орталығын, «Hazret Sultan Airport» халықаралық əуежайын, облыс әкімдігін, «Конгресс холл» залын және басқа да Түркістан шаһарынан жаңадан бой көтерген нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ, сан ғасырлық тарихы бар Түркістан өлкесінің өткені мен бүгіні туралы шежіре шертетін музейде болды.

«Жалпы, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесі «Туған жеріңді таны» атты тақырыппен 7-8 жылдың көлемінде облыс орталықтарын аралап, көріп жүрміз. Түркістан қаласында соңғы рет 2018 жылдың аяғында келген болатынбыз. Бірақ, Түркістанның жаңарған келбетін алғаш рет көріп отырмыз. 2-3 жыл деген өте аз уақыт. Осы уақыттың ішінде қаланың жаңа кейіпке еніп, адам танымастай өзгергеніне таңғалып отырмыз. Киелі мекенге ауданның ардагерлерімен бірге келіп, көруімізге мүмкіндік жасаған облыс әкімдігі мен аудан әкімдігіне алғысымыз шексіз. Түркістанымыз көркейе берсін! Бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы деген аттан мәңгілік айырылмасын», – деді Мұстафа Сүлейменов.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Еліңді құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» – деп атап көрсеткен болатын. Елдің болашағы үшін барын салып аянбай еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіп, оларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың борышы.

Облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері арнайы ұйымдастырылған сапар аясында жаңарған Түркістанды тамашалап қайтты. Жаңарған Түркістанды тамашалауға келген 20-дан астам ардагерлер – аймақтың, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан білім, мәдениет, ғылым, өндіріс және және басқа да түрлі салаларда жетекшілік еткен білікті қариялар.

Ардагерлемен бірге арнайы медицина қызметкерлері жүрді. Сапар барысында карантиндік талаптар сақталды.