Түркістанның әкімі бөлім басшысына сөгіс жариялады

0
612

Негізгі себеп шағымданған аналардың көшеге шығып кетуі.


Түркістанның әкімі бөлім басшысына сөгіс жариялады

Түркістан қаласындағы жұмыс орындарына камералар қойылып, қызметкерлердің жұмысы бақылауға алынады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Абатұлының төрағалығымен өткен апталық мәжілісте дүйсенбі күні орын алған жағдай басты назарда болды. Қала әкімі аналардың шағымдарына байланысты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысына сөгіс жариялап, қызметтік тексеріс өткізілуін талап етті.

Сондай-ақ, халыққа сапалы қызмет көрсету барысын жақсарту үшін қызметтерді автоматтандыру және жұмыс барысын бейнекамералар арқылы бақылау мәселесі қаралды.

Айта кетсек, орталықтың іші және сыртында 19 бейнебақылау камералары орнатылған. Енді қосымша әрбір жұмыс орнына 18 аудио-видео жазатын камера орнату жоспарда бар.

Бұдан бөлек, алдын орнатылған камераларға келушілерді санау, адамдардың көп жиналуын бақылау, жұмыс персоналының белсенділігін бақылау, кезектілікті анықтау аналитикаларын енгізу жоспарлануда. Серверлік құрылғыларды орнатып, қала әкімінің аппараты, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне және орталықтың ғимаратына автоматты жұмыс орнын орнату да қолға алынбақ.

Еске салсақ, Түркістан қаласында бір топ әйел көшеге шығып, нәтижесінде қала әкімі барлық тұрғынды мәселелері бойынша қабылдаған.