Түркістанның маңынан 2 наноспутник ұшырылды

0
488

Олар бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталған.


Түркістанның маңынан 2 наноспутник ұшырылды

Түркістан маңайынан 2 наноспутник ұшырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістаннан 50 шақырым жерде атмосфераның жоғарғы қабатына ультразаманауи 2 наноспутник ұшырылды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.


Наноспутниктердің ұшырылымы – тәжірибелік сынақ. Оны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті UNICEF-Қазақстанмен бірлескен UniSat білім беру хабының ашылуы аясында жүзеге асырып отыр.


UniSat – бұл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен UNICEF-Қазақстанның бірлескен білім беру бағдарламасы. Оның мақсаты – наноспутниктерді жасау саласында қыздардың білімі мен біліктілігін дамыту. Бағдарлама гендерлік стереотиптерді жоюға және STEM білім беру саласындағы қыздардың үлесін арттыруға бағытталған.


UniSat спутниктері білім беру мақсаттарына арналған және салмағы 1-ден 10 келі аралығындағы шағын ғарыш аппараттары класына жатады. Олар бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталған.


Қабылдағыштар ауа температурасы, қысымы, ылғалдығы туралы мәліметтерді жинайды. Ал ауаның ластанғанын өлшейтін қабылдағыштар адам ағзасына өте қауіпті болып саналатын PM2,5 және PM10 микробөлшектерінің концентрациясын анықтайды. Спутникті келешекте ғарышқа ұшыру көзделіп отыр.


Спутникті іске қоспас бұрын қатысушылар UniSat наноспутниктерінің ішкі жүйелерін өздері бағдарламалап, зертханалық жағдайда сынап көрген. Оқушылар ғалымдардың жетекшілігімен наноспутниктен алынған деректерді өңдеуді үйреніп, деректерді визуализациялауды және миссияның соңғы есебін жазуды меңгерді.


Мәлім болғандай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінге дейін Al-Farabi-1 және Al-Farabi-2 наноспутниктерін ұшырған. 2018 жылы Илон Масктың атақты SpaceX компаниясының көмегімен ұшырылған наноспутник әлі күнге дейін штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Бөлісу