"Үй құлап балаларымды басып қала ма деп қорқамын": Мақтааралдық көпбалалы отбасы қорқынышты жағдайда өмір сүріп жатыр

0
1 878

Түркістан облысы, Мақтарал ауданында жеті баласы бар отбасының баспанасы құлап, қирағалы тұр.


Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы Игілік ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Күнсұлу Аширова үй қабырғалары құлап, балаларын басып қала ма деген қорқынышпен өмір сүріп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жеті баланың анасы жағдайын айтып Игілік ауылының әкіміне де, Мақтарал ауданының әкіміне де барғанын айтады. Бірақ, өкінішке орай, тыңдар құлақ болмапты. Әкімдіктегілер шырылдаған анаға үйлерінің сүрілуге жатпайтынын алға тартқан көрінеді.

Талай табалдырықты тоздырып, амалы құрыған ана көпшіліктен көмек сұрайды. Бар арманы, балаларының түн ұйқысы тыныш боп, бүтін үйде аман-есен тұрса дейді. Әзірге бұл арман ғана. Өйткені, жұбайының денсаулығы жұмысқа жарамайды. Өзі күн сайын 2500 теңге ақы беретін жұмыста жалданып істейді. Жұмысқа кеткенде үйдегі балаларының үстіне қабырға құлап қала ма деп қорқып жанын шүберекке түйіп жүретіндігін айтады.

Үйдің ескілігі соншалықты, ешкім бұл үйдің қашан тұрғызылғандығын дәл айта алмайды. Қабырғалары үгітіліп, қирап құлауға шақ тұр.

"Үйге кіруге қорқамыз. Әсіресе, балаларды басып қала ма деп үрейленем. Не жағдай болады деп жүйке де жұқарды. Күндігіне 2500 теңге беретін жұмыста істеймін. Жаңа үй салып алуға шамамыз келмейді," - дейді шырылдаған ана.

Жеті баланың анасы Аширова Күнсұлу атаулы әлеуметтік көмекке, яғни 21 мың теңгеге қол жеткізсем деген үмітпен құжаттарын өткізіп қойған. Бірақ әлі ала қоймаған екен. Көпбалалы, әлеуметтік ахуалы төмен ана ретінде сол ақшаға қолы жетсе құлайын деп тұрған үйін бұзып, жаңа үй салуға ниетті.

"Балаларым әлі кішкентай. Бар тілегім, есіктің алдына даңғарадай емес, шағын ғана 4-5 бөлмелі үй тұрғызып алсақ. Перзенттерімнің түн ұйқысы тыныш боп, аман-есен болса деп армандаймын. Баспаналы болуға көмектессеңіздер,", - дейді К.Аширова.

Күнсұлудың жұбайының да денсаулығы нашар. Әзірге зейнеткер шешесі ғана арасында көмек береді екен. Көп боп көмек қолын созса, тым болмаса үй тұрғызып, екі бөлмесіне кіріп алсам деп армандайды.

"Жүгіріп-жүгіріп шаршадым. Игілік ауылының әкіміне де, Мақтарал ауданының әкіміне де бардым. Мен жұмысқа кеткенде үй құлап балаларымды басып қала ма деп қорқамын,"-дейді жерлігікті биліктен үмітін үзген Күнсұлу Аширова.