​Ұсталықты күнкөрістің көзіне айналдырғандар

0
1 466

Нәтижесінде тірлігі жанданып, бүгінде ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп отыр.


​Ұсталықты күнкөрістің көзіне айналдырғандар

ERNUR.KZ. Түркістан облысында егіншіліктен бөлек шағын және орта кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Олардың арасында «Ырыс» микро несиелік ұйымының игілігін көріп отырғандары да аз емес. Тіпті «Өрлеу» пилоттық жобасы арқылы да қайтарымсыз қаржы алып тірлігін өркендетіп отырған отбасылар да бар.

Солардың бірі - Жетісай ауданы Ынтымақ ауыл округі Өркенді ауылының тұрғыны Ғабит Бұқаров аталған жобаның екі тоқсандық мүмкіндігін толық пайдаланыпты. Нәтижесінде тірлігі жанданып, бүгінде ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп отыр.

«Ұсталық - ата кәсібіміз. Бұл салада тер төгіп жүргенімізге 18 жыл болды. Алғашқы жылдары шағын үй іргесінен ұстахана бұрышын аштық. Кейіннен кеңейтіп, бүгінде үлкен ағаш цехына айналдырып отырмыз. Біз көбінде ағаштан түрлі тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар жасаумен айналысамыз. Одан бөлек, есік-терезе, орындықтар, қолжуғыш, тапшан секілді қажетті бұйымдарды да әзірлейміз. Биыл ағалы-інілі туысқандар бірігіп, «Өрлеу» жобасымен қайтарымсыз 780 мың теңгеге жуық қаржы алдық. Оны толық мақсатты жұмсап отырмыз», - дейді цех меңгерушісі Ғабит Бұқаров.

Соңғы жылдары ауылды жердің тұрғындары да өркениет көшінен қалмай жаңашылдыққа ұмтылып келеді. Әсіресе, таза ағаш өнімдерінен бұйым жасататындардың қатары арта түсіпті. Ұстаның айтуынша, сапалы бұйым қашанда өз құнын жоғалтпайды.

«Біз әзірлейтін бұйымдар сапалы болғандықтан ел-жұрттан сұраныс тоқтаған емес. Жуырда жаңадан салынып жатқан балабақша басшылығынан үлкен тапсырыс қабылдадым. Есік-терезе, балалардың жатын орындары, тамақтанатын столдары бәрін маған сеніп тапсырды. Бұл да болса, үлкен сенім. Алдағы мақсатымыз ұстаханалыққа қажетті құрал-саймандарымызды жаңартуды жоспарлап отырмыз», - дейді Ғабит Бұқаров.

Бүгінде Бұқаровтар отбасы Өркенді ауылындағы іргелі әулеттердің біріне айналып үлгерген. Екі отбасыда 14 жан түтін түтетіп отыр екен. «Балашағаның несібесі – айлық табысымыз да жаман емес» дейді.

Дереккөз: Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі
фото: Қ.Әуелбеков