WhatsApp желісіндегі "Көпбалалы отбасыларға жаппай көмек беріліп жатыр" деген ақпарат жалған

0
3 289

Ол үшін «Nur Otan» партиясының филиалдарына келудің қажеті жоқ.


WhatsApp желісіндегі

WhatsApp әлеуметтік желісінде тараған «Көпбалалы отбасыларға жаппай көмек беріліп жатыр, ол үшін балалардың куәлігін «Nur Otan» партиясының филиалдарына әкелу керек» деген ақпарат жалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Түркістан облысы фиилалының баспасөз хатшысы хабарлады.

"«Nur Otan» партиясы республикалық деңгейде коронавирусқа қарсы күресті күшейту, тұрғындарға көмектесу мақсатында Елбасы бастамасымен «Біз біргеміз!» республикалық акциясын жариялағаны рас.
Акция аясында «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары арқылы аса мұқтаж адамдарға көмек көрсету көзделген. Олар: тыл ардагерлері, жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік жағдайы өте мұқтаж көпбалалы отбасылар. Бұл жердегі мақсат – аса мұқтаж, денсаулығы жоқ тұрғындарды үйінен шығармай, көмекті жеткізу. Тұрғындардың көшедегі қозғалысын азайту.
Бұл санаттағы адамдар Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудан, қала әкімдіктерінің осы салаға жауапты бөлімдерінің базасы негізінде тізімге алынды. Түркістан облысы бойынша 1500-дей отбасыға көмек көрсету көзделген.
Ескерте кететін мәселе, бұл акция Түркістан облысындағы кәсіпкерлер мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асуда. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы әкімдік ұсынған тізім негізінде азық-түлік пен гигиеналық заттарды жеткізуді үйлестіруде. Егер демеушілер тарапынан көмек ұлғайса, жергілікті әкімдіктердегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің бекітуімен тізім кеңеюі де мүмкін", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, көмекке мұқтаж тұрғындар туралы мәлімет әкімдіктер ұсынған база негізінде алынатыны және партия филиалдарына келудің қажеттілігі жоғы да ескертілген аталмыш хабарламада.

Айта кетейік, WhatsApp желісінде төмендегіше мәтіндегі жалған ақпарат тараған болатын.