«YASSAUI SU» – Түркістандық кәсіпкер стақанмен су сатып алғысқа бөленіп жүр

0
620

Стақанға құйылған ауызсу 820 метр тереңдіктен шығады.


«YASSAUI SU» – Түркістандық кәсіпкер стақанмен су сатып алғысқа бөленіп жүр

Түркістандық жас кәсіпкер қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше сусынмен қамтамасыз етуді бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде Түркістан облысында жеке кәсіпке бет бұрған азаматтардың қатары артып келеді. Солардың бірі – ерекше кәсібімен көзге түсіп, танымалдылығы да, өнімі де артып келе жатқан Биманов Бидәулет Сағатуллаұлы. Осы уақытқа дейін денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып келген 26 жастағы түркістандық азамат «YASSAUI SU» атты ауызсу түрін өндіруді қолға алған.

«2016 жылы Сауд Арабиясына барғанда адамдар біздікіндей су тұтынып жүргенін көрдім. Сол кезде осындай кәсіпті Қазақстанда да ашсақ қалай болады екен деген ой келді. Бірақ, ол ойымды іске асыра алмадым. Дегенмен, елімізде пандемия басталған тұста бастапқы идеямды іске асыруға құлшынысым арта түсті. Себебі, медицинада антигигиена деген түсінік бар. Яғни, осындай 200 граммдық шағын стақандағы суды бір ғана адам қолданады және жылдам жылытып, тез салқындатуға болады. Ал, бағасын халыққа қолжетімді етіп белгіледік. Атауына тоқталсақ, Түркістан мен Яссауи бабамыздың есімі егіз ұғым. Сондықтан, «YASSAUI SU» деген брендті жарыққа шығарғымыз келді», - дейді кәсіпкер.


Кәсіпкердің айтуынша, бұл су «Түркістан мақта зауытының» аумағынан 820 метр тереңдіктен шығады екен. Қазіргі уақытта өндіріс орнында 4 адам 150 мың теңге жалақымен тұрақты жұмыс істесе, Бидәулеттің өзі сату мәселесімен айналысып жатыр. Алғашқы сынама кезеңінде олар 4 сағаттың ішінде 8000 стақан су дайындаса, қазір қалыпты жұмыс режимімен күніне 10 мың стақан ауызсу шығарады. Ал, нарыққа шыққан сусын қазір санаулы ғана ірі сауда орталықтарына қойылғанымен, жуырда Түркістан қаласындағы кез келген супермаркеттен сатып ала аласыз. Сонымен қатар, кәсіпкер «YASSAUI SU-ды» қонақүйлер мен фитнес-залдардың сөресіне қоюды да жоспарлап отыр.


«Бір қораптың ішінде 39 стақан су болады. Оның бағасы 1560 теңге. Негізі бұл Түркістан қаласы үшін өте тиімді жоба. Өйткені, Түркістанмен тығыз қатынас орнатқан Түркияның ыстық қалаларында да осындай жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, тұрғындарға тегін таратылады. Біздің де мақсатымыз сондай дәрежеге жету. Егер мемлекет қаржыландырса, қаламен қоса айналасындағы аудандарға да таратамыз деген ниетіміз бар», - дейді Биманов Бидәулет.


Сондай-ақ, суды сынамадан өткізген Алматы кардиохирургиясы «құрамы таза, минералды асхана ауызсуы» деген тұжырым жасапты. Одан бөлек, жер астынан шығатын ыстық суды зерттеген бірнеше компания су таза болғандықтан сүзгі қолданбауға рұқсат берген. Кәсіпкер сынама нәтижелері туралы барлық құжаттардың бар екенін де айтты.

Бұл кәсіпті бастағанына 10 күндей уақыт болғанын айтқан Бидәулет Сағатуллаұлы келешекте ауызсуды лимон, құлпынай, жалбыз дәмдерімен өндіруді жоспарлап отыр. Оған қоса, сүт өнімдерін де осындай стақанға құйып шығару ойында бар.


«Қазіргі аппаратымыздың күші Түркістан қаласын ауызсумен толықтай қамтамасыз етуге жетпей қалатын сияқты. Әңгіме басында айтқанымдай, мемлекет тарапынан қолдау болса, өндірісті арттырып, өңірімізбен қоса өзге де облыстарға ауызсу жеткізуге дайынбыз», - деді кәсіпкер өз сөзінде.


Алыс-жақын шетел азаматтары тәу етіп келетін Яссауи бабамыздың атын шығарып, онымен бірге Түркістанның беткетұтар бренді болуға құлшынып отырған жас кәсіпкердің әр ісі сәтті болсын деп тілейміз.