​Жетісайда 24 баланы дүниеге әкелген батыр ана тұрады

0
6 387

Алтын құрсақты ана бір рет үшем, екі рет егіз босанған.


​Жетісайда 24 баланы дүниеге әкелген батыр ана тұрады

Жетісай ауданының Қараөзек елдімекенінде тұратын көп балалы батыр ана Сапаркүл Әбутәліпова еліміздің жеткен жетістіктері мен алған асуларына тілеулес жан. Саналы ғұмырында ел ертеңі үшін аянбай еңбек ете жүріп өмірге келтірген 24 перзентінен бүгінде 60-қа тарта немере мен 10-ға жуық шөбере сүйіп отыр, деп хабарлайды осы өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Сапаркүл Әбутәліпова 1947-жылы Мақтарал ауданында дүниеге келген. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қадірлі қария.

1970-жылы Қараөзек совхозының құрылуына атсалысқан ол отағасы Жоламан екеуі совхоздың малын бағып еңбек еткен. Бүгінде 24 құрсақ көтеріп 60-қа тарта немере мен 10-ға жуық шөберенің қызығына батып отыр. Бір рет үшемдерді, екі рет егіздерді дүниеге алып келген батыр ана алғаш «Батыр ана» медалін 1979-жылы 17-ші перзентін дүниеге әкелгенде алыпты. Ал, екінші «Алтын алқасы» тәуелсіздік таңы атқан соң тағылыпты омырауына.

«Мына мен 1970-жылдан бері қарай мал шаруашылығымен айналысам. Мал шаруашылығында отағасы аға шопан, мен көмекшісі болып істегем. Біреуіміз далада, біреуіміз үйде. Сөйтіп жүріп 24 перзентті дүниеге әкелдім», - дейді батыр ана.

Елбасының жастарға, аграрлық секторға, кәсіпкерлерге жасаған қамқорлығының арқасында Сапаркүл апайдың перзентерінің бәрі өз істерінің шебері атанып, кәсіптерін дөңгелетіп, нәсіптерін тауып жүр.

Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті, шаңырақтың шаттығы мен берекесін тербетіп, елді жаудан қорғайтын батыр ұлды да, даудан қорғайтын ақын ұлды да өмірге алып келетін алтын құрсақ ақ жаулықты аналарымызға бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Біріне мемлекет тарапынан үй берілсе, енді біріне жергілікті әкімдердің кәсіпкер, қолы ашық жандарды ұйымдастыруымен баспаналар сыйға беріліп, құрмет көрсетіліп жататыны бар.

Бүгінде әлем назарын өзіне аударып отырған Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері мен алған асулары ана жүрегін қуантады. Ел тыныш, халық тоқ. Әйтсе де, 24 перзентті өмірге алып келген ананың еңбегі мен денсаулығы жергілікті әкімдік тарапынан көп жағдайда ескеріле бермейтіндігін наз ретінде жеткізді. Бүгінде көз жанары нашарлай бастаған ана 2011-жылдан бері мемлекеттік баспанаға қол жеткізе алмай жүрген көрінеді. Тиісті құжаттарды осыдан жеті жыл бұрын тапсырған Сапаркүл Әбутәліпова осы жылдың наурыз айында сол кездегі Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Ыбырайұлы Исмаилов өткізген «Нұр Отан» партиясының Мақтарал аудандық бөлімшесіндегі қоғамдық қабылдауында да болыпты. Баспана мәселесін айтыпты. Ал, әкімдіктегілер «тізімде жоқсыз» деген сырғытпа жауаппен шығарып салған екен сол кезде.

Десек те, әлі-ақ алтын құрсақты ананың еңбегі мен халық санын арттыруға қосқан орасан үлесі еленетініне сенім мол. Бұл турасында жергілікті билік хабарсыз болар, бәлкім?!