Жетісайда балық шаруашылығы дамып келеді​

0
1 503

Мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған өңірдің балық тауарын өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып келеді.


Жетісайда балық шаруашылығы дамып келеді​

Бүгінде жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл бар. Оның ішінде 88-і жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл бағытта Түркістан облысы Жетісай ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық деп аталатын шағын ғана ауылда орналасқан «Димаш» шаруа қожалығының төрағасы Сүндет Аблаев жеке қаржысы есебінен 20 млн теңге инвестиция салып, дөңмаңдай (толстолоб), амур, сазан сынды балық түрлерінің 1 млн 300 мың дана шабағын алып келген. Бүгінде ұзындығы 250 метр, ені 180 метрден 3 су бассейнінде өндіріп, өсіріріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар дейді мамандар. Сонымен қатар, су бассейндерінде үйректердің де бірнеше түрі өсірілуде.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған болатын. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді. Нәтижесі де көңіл қуантарлық» дейді шаруа қожалық жұмысымен арнайы келіп танысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов.
Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған өңірдің балық тауарын өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып келеді.