Жетісайда танымал спортшылар студент жастармен кездесті

0
1 611

Еркін форматтағы жүздесуге 100-ден астам студент қатысты.


Жетісайда танымал спортшылар студент жастармен кездесті

Бүгін Жетісай медициналық колледжінің студент жастары джиу-джитсудан Азия чемпионатының күміс, Әлем чемпионатының қола жүлдегері жетісайлық саңлақ Ерғали Сәрсенбековпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудандық Жастар ресрурстық орталығының ұйтқы болуымен өткен кездесуде еліміздің намысын әлемдік аренада қорғап жүрген балуан замандастарына салауатты өмір салтын ұстану, спортқа бет бұру туралы әңгіме өрбітті.

Әлемдік бәсекеде бағы жанып жүрген жерлесіміз осы спорт түріне қалай келді, қандай қиындықтардан өтті, жастар тәрбиесі, ер жігіттерге қандай қасиеттер тән болу керектігін айта отырып жастарды өз елінің патриоты болуға үндеді. Еркін форматтағы жүздесуге 100-ден астам студент қатысты.

Айта кетейік, Ерғали Сәрсенбеков 1993 жылы 4 сәуірде Түркістан облысы Жетісай ауданы Көрікті ауылында дүниеге келген. Ол джиу-джитсумен 2010 жылдан бері айналысып келеді. Ерғали 2015 жылы Қырғызстан жастар арасындағы турнирде топ жарып, король партері медалінің иегері атанды. Биыл Азия чемпионатында 71 келі салмақта күміс жүлдеге қол жеткізсе, 70 келі салмақта Әлем біріншілігінің қола жүлдесін иемденген.

Кездесу соңында Ерғали Сәрсенбеков студент жастармен естелікке суретке түсті.