Жетісайдың оқушылары облыстық сайыстан жүлделі оралды

0
1 620

Өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезімді арттыру мақсатында өткен байқауда Жетісай ауданының оқушылары білім мен өнерлерін жақсы қырынан көрсете білді.


Жетісайдың оқушылары облыстық сайыстан жүлделі оралды

Жуырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесіне орай, «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты байқаудың облыстық кезеңі Түркістан облысы, Түркістан қаласындағы Абай атындағы №31 жалпы орта мектебі базасында болып өтті. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктер бәйгесінде Жетісай ауданының оқушылары бірнеше жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

6-8 сынып оқушылар арасында ұйымдастырылған бұл байқаудың мақсаты – оқушылардың туған елінің тарихын танып білуге деген қызығушылықтарын, шығармашылық белсенділіктерін арттыру, туған елінің тарихы бойынша зерттеу жұмыстарының дағдысын қалыптастыру, өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Облыстық сайысқа Жетісай ауданынан қатысқан оқушылар жақсы қырларынан өздерін таныта білді. Бірнеше жүлделі орындарды иеленіп, табысты оралды.

Байқаудың шығарма жазу кезеңінде оқушылар «Ұлы даланың жеті қыры» атты тақырыбында шығарма жазды. Жетісай ауданы «Жеңіс» мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Сайфуллақызы Ұлсезім мен Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебінінің 8-сынып оқушысы Дүзелбай Ұлжалғас сертификаттарға ие болды.

Байқаудың тест кезеңінде оқушыларға «Тәуелсіздік тарихы – ел тарихы!» атты тақырыпта тапсырмалар берілді. Бұл кезең бойынша Жетісай ауданындағы Р.Қошқарбаев атындағы №50 жалпы орта мектептің 6-сынып оқушысы Серікбай Арайлым I орынды, осы тақырып бойынша Қ.Дәрімбаев атындағы №41 жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысы Асқаров Әбілхан cертификат алды.

Білім жарысының сурет кезеңі бойынша «Тәуелсіздік – балалар көзімен!» атты тақырыпта салынған оқушылар шығармашылығында әділқазылар шешімімен №12 жалпы орта мектептің 6-сынып оқушысы Сейдалы Жансұлу сертификат, осы тақырыпта №11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Топбасы Айзада II орынға лайық деп танылды.