​Жетісайлық 20 жас ақын жыр сайысында бақ сынады

0
2 552

Киелі Мырзашөл топырағы талай-талай таланттардың томағасын сыпырып, өнер атты додаға қосқан киелі топырақ. Бұл өңірден қазақ әдебиеті мен өнеріне өзіндік үлес қосқан дарынды ақындар мен өнер майталмандарының шыққаны көпшілікке аян.


​Жетісайлық 20 жас ақын жыр сайысында бақ сынады

Түркістан облысында «Жетісай аудандық мәдениет үйінің» ұйымдастыруымен «Елі үшін туған Елбасы» атты аудандық мектеп оқушылары арасында жас ақындардың жыр мүшайрасының бірінші кезеңіне 20 ақын қатысса, ақтық сында 12 ақын бақтарын сынады деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Осылайша туған жердің тарихы мен табиғатын, ата-баба ерліктерін, Тәуелсіз Қазақстанды әлемдік деңгейде танытқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбектерін жырлаған Жетісайлық жас ақындар мәдениет үйінің сахнасында бақ сынасты. «Жетісай аудандық мәдениет үйі» қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Елі үшін туған Елбасы» тақырыбында өткен жас ақындардың аудандық жыр мүшайрасына 14-16 жас аралығындағы 20 жас қаламгер өздерінің шығармаларын ұсынып, ақтық мәреге 12-сі шықты. Аталмыш жыр мүшайрасының бұған дейінгі мүшайралардан ерекшелігі – жас ақындар үш талап бойынша сынға түсті. Біріншісі – Елбасына арнау болса, екінші шарт – Жаңадан құрылған Жетісай ауданының ерекшеліктерін жырға қосу болды. Ал, үшінші шарт – әділ қазылар тарапынан ұсынылған бір қатар өлеңге қатысушылар белгіленген уақыт ішінде шумақтар шығару болды.

«Мақсаты жастардың бойында отан сүйгіштік қасиетті қалыптастыра отырып туған жердің тарихын танып-білу, бабалар қанымен қол жеткізген тәуелсіздікті қадірлеу, қастерлеу болып табылатын байқау өзінің көздеген мақсатына жете алды, қойылған тақырып ашылды», - дейді ұйымдастырушылар.

Байқау қорытындысы бойынша ІІІ-орынды Зикирла Аружан мен Исмайлов Рашит иеленсе, ІІ-орын Ергеш Айтолқын мен Арыстанов Сапарханға бұйырды. Жас ақындар мүшайрасының жүлделі І орыны Жетісайлық ақын Ермекбай Ерханның қанжығасына байланды. Жеңіске жеткен және мүшайраға қатысқан басқа да жас ақындар ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы дипломдармен, заттай бағалы сыйлықтармен марапатталып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.