​Жетісайлық мұғалімдер «Екі жұлдыз» байқауында бақ сынады

0
4 898

Бірінші шарт бойынша туған жер, Тәуелсіздік, Отан жайындағы патриоттық әндер шырқалса, екінші шартта еркін тақырыпта әндер орындалды.


​Жетісайлық мұғалімдер «Екі жұлдыз» байқауында бақ сынады

Түркістан облысы, Жетісай ауданында Тәуелсіздіктің 27 жылдығына орай мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері арасында «Екі жұлдыз» байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай ауданына қарасты «І.Жансүгіров» атындағы жалпы орта мектебінде өткен «Екі жұлдыз» байқауында қатысушылар тек ән орындап қана қойған жоқ. Байқаудың шарттары бойынша қатысушылар тәлім-тәрбие мен салт-дәстүрлерге, білім-ғылымға негізделген мақал-мәтелдер айтып, мұғалім мен оқушы, ата-ана мен перзент арасында кездесетін жағдаяттар бойынша ситуациялық сұрақтарға жауап берді.

Бірінші шарт бойынша туған жер, Тәуелсіздік, Отан жайындағы патриоттық әндер шырқалса, екінші шартта еркін тақырыпта әндер орындалды. Сайыста қатысушылардың киім үлгілері мен сахналық мәдениет, жүріс-тұрысы, өзін еркін ұстай алуы мен таңдаған әндерінің мән-мағынасына және жұптардың дауыс ырғақтарының үйлесуіне үлкен мән берілді.

Жетісай аудандық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының төрағасы Асқар Ниязбеков төрағалық еткен әділ қазылардың шешімімен «Екі жұлдыз» байқауының бас жүлдесі «І.Жансүгіров» жалпы орта мектебінің директоры С.Шаулиева мен математика пәнінің мұғалімі Н.Лесбекке бұйырды.

Мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындарының көңілінен шыққан өнер сайысына қатысқан барлық ұстаздарға аудандық кәсіподақ ұйымының алғыс хаттары мен демеушілер тағайындаған бағалы сыйлықтар табыс етілді.