Ағаштың жемісі МОЛ БОЛСЫН десеңіз КҮЗДЕ әрекет етіңіз

0
1 804

Күзде егілген көшет көктемде тамыр жаюға уақыт жоғалтпай, бар күшін бойына жұмсап жақсы өседі.


Ағаштың жемісі МОЛ БОЛСЫН десеңіз КҮЗДЕ әрекет етіңіз

Кез-келген адам табиғи өнімді тұтынғанды жөн көреді. Сол үшін де есік алдында кішкене ашық жер болса шағын бақша жасап қоюға ұмтылады. Ал бақша егіп, ондағы ағаштар мол жеміс беру үшін, жақсы көшет таңдау қажет.

Біз бүгінгі айдарымызда барлық бақшалықтан табылатын алма ағашы жөнінде, оның көшетін таңдай білу, көшетті қай кезде отырғызу туралы және т.б көптеген қажетті кеңестерді назарларыңызға ұсынамыз.


Көшет бүлінбеуі тиіс

Көшет алғанда ең бірінші бүлінген, зақымданған жерінің болмауын қарау керек. Мұндай көшеттің тез тамыр алып, мықты болып өсу мүмкіндігі жоғары.


Көшеттің жасы мен бойы қандай болуы керек?

Көшеттің жасы екі жылдан аспаған болуы тиіс. Егер жасы екі жылдан асқан болса, онда оның тамыр алып кетуінде мәселе туындайды.

Көшеттің бойы екі метрден аспағаны жөн. Ал жатаған, аласа көшеттер 1 метрден аспауы тиіс. Егер көшеттің бойы тым ұзын болса, онда ол күзде егілген соң ары қарай өсуін тоқтатпай, қысқа дейін тағы біраз бой қосады. Ал ол қосқан бойы қысқы суыққа шыдас бермей үсіп кетуі мүмкін.



Тамырын мұқият қарап алу керек

Көшетті сатып аларда міндетті түрде тамыр жүйесін мұқият қарап шығу қажет, ол сау және жақсы жайылып тұруы керек. Негізгі тамыр жүйесі мен одан тараған өскіндерде ешқандай зақым, шіріген және қураған жерлері болмауы тиіс. Дені сау, ауырмаған, жақсы көшеттің барлық тамырлары ұзына бойына майысқақ болып тұрады.

Егер көшет арнайы ыдысқа отырғызылған, тамыры жабық болса, онда оның сол ыдыста өсірілгенін немесе басқа жақтан алып жақында егілгенін тексеру керек. Ол үшін бар болғаны көшетті сабағынан ұстап шамалы сілкіп көру қажет. Егер көшет сол ыдыста өскен болса, онда оның тамыры нық болып тұрады. Ал жақында қондырылған болса, онда сілкіген кезде топырақтан оңай шығып кетеді.


Көшетті егу мезгілін дұрыс таңдау қажет

Көшет егуді көп ретте көктемде бастайтынымыз жасырын емес. Алайда көшет тамырын кеңге жайып, жақсы орнығып, нәтижесінде мол әрі сапалы өнім беруі үшін күзде еккен жөн. Ал күзде егудің нақты уақыты тұрғылықты жерге байланысты болмақ. Еліміздің солтүстік өңірлері алма ағашының көшетін қыркүйек айының соңынан қазан айының ортасына дейін еккен дұрыс. Ал оңтүстіктегілер қараша айының ортасына дейін еркін еге береді. Сонда қысқы мезгілге дейін жас көшеттердің жаңа жерге орнығып, жақсы тамыр жаюына уақыт жеткілікті болады.

Кез-келген өңірде көшет егу үшін алдымен ауа-райының жағдайын бағдарлап алу керек. Яғни көшет үсік жүреді-ау деген уақыттан кем дегенде 15-20 күн бұрын отырғызылу керек.


Күзде отырғызылған көшетті қалай суғару керек?

Көшет жақсы тамыр алып кету үшін дұрыс суғарудың да маңыздылығы зор. Суғару тәсілі көшеттің түрі мен қоршаған ортаға және топырақтың түріне байланысты болады.

Жаңадан отырғызылған көшеттерге ылғал молынан керек. Алайда су мол керек деп бас салып су құя беруге де болмайтыны ескерілгені жөн. Себебі суғару кестесі топырақтың түріне қарай түзіледі. Сазды топыраққа отырғызылған көшеттер құмды топыраққа қарағанда сирек, бірақ молынан су құюды қажет етеді.

Әрбір жаңа көшетті отырғызғанда бірден 40 см шамасындағы тереңдікке дейін мол етіп суғару керек. Бұл топырақтың арасында бос қалташықтардың қалмауына және жақсы тығыздалуына көмектеседі. Ал бұдан кейін жас көшеттің тамыры жақсы орнығып кетуі үшін алғашқы бір айда аптасына екі рет молынан суғарып тұру керек.

Сондай-ақ әр суғару кезінде топырақтың құрғақтығын тексеріп тұру керек. Егер топырақтың жоғарғы 5-10 см-ге дейінгі бөлігі құрғақ болса, демек көшетті суғару керек.

Көшетке судың жәй сіңгені дұрыс. Ол үшін құбыршекпен асықпай суды ағызып қойып суғару керек. Ал мол етіп бірден құйған су, топырақтың беткі қабатына ғана сіңіп, тамырдың тереңге емес, беткі қабатқа қарай өсуіне ықпал етеді. Ал тамыры топырақтың беткі қабатына жақын өскен көшет осал, әлсіз келеді.

Қазан айының аяғына дейін суғаруды үзбеген дұрыс. Бірақ ауа-райы төмендеген сайын суғаруды сиреткен дұрыс.


Көшетті күзде отырғызудың көптеген артықшылықтары бар:

  • Күзде дұрыс отырғызылған көшеттер аса көп күтімді қажет ете қоймайды.
  • Күзде егілген көшет көктемде тамыр жаюға уақыт жоғалтпай, бар күшін бойына жұмсап жақсы өседі.
  • Сондай-ақ күзде өскіндер жақсы өскендіктен көшет таңдау еркіндігі де көп болмақ.

Сапалы, мол өнім алатын жақсы ағаш, бақ өсіру үшін көп жұмыс жасау керек. Бірақ бастысы көшетті жақсылап таңдап, дұрыс егу қажет.


Оқи отырыңыз: Шие ағашын ҚОРШАП қою керек

Дайындаған: Базарбаева Э,

ERNUR.KZ.