ӘЙЕЛ және ЕР БАҚЫТЫ гүлдерін ӨСІРУДІҢ де ҚҰПИЯСЫ БАР

0
27 940

«ӘЙЕЛ БАҚЫТЫ» гүлі – бұл нағыз "шаңсорғыш" өсімдік.


ӘЙЕЛ және ЕР БАҚЫТЫ гүлдерін ӨСІРУДІҢ де ҚҰПИЯСЫ БАР

Алда қыз-келіншектердің мерекесі келе жатыр. Мұндай кезде аруларымыздың құшағы гүлге, сыйлыққа толатыны сөзсіз. Алайда қазіргі кезде көпшілік жұлынған гүлге қарағанда ыдыстағы сәндік бөлме гүлдерін сыйға тартуды жөн көреді. Әсіресе гүл сүйер қауым арасында кеңінен танылып кеткен «әйел бақыты» және «еркек бақыты» гүлдерін сыйға тартатындар көп-ақ. Ендеше осы екі гүлдің үй жағдайындағы күтімі, аурулары және көбейту жолдары туралы төменнен оқып біле аласыздар.


СПАТИФИЛЛУМ немесе «ӘЙЕЛ БАҚЫТЫ» гүлі – бұл нағыз шаңсорғыш өсімдік. Ол ауаны жақсы тазартып, оргтехника сәулесінен келетін зиянды бәсеңдетеді.Сондықтан бұл гүлді кеңсеге өсіруге кеңес беріледі. Ал үй ішінде қонақ бөлмеге немесе жұмыс істейтін, компьютер мен теледидер тұрған бөлмеге қойған дұрыс. Халық арасында әйел бақыты гүлі туралы түрлі әңгіме бар. Соның бірі - бұл гүл көңіл күйдің өлшемі саналады. Яғни егер үйде, кеңседе үнемі ұрыс-керіс болып, түсінбеушіліктер орын алса, онда гүлдер солып, гүлдемей қалады.


«Әйел бақыты» гүлінің күтімі

Бұл гүлдің отаны Оңтүстік Америка болғандықтан жылуды өте жақсы көреді. Ол үшін ең дұрыс температура +18 бен +25 градус, ал бұдан төмен болса, онда олар ауыра бастайды. Тікелей түскен күн көзін ұнатпайды, бірақ жарықты жақсы көреді. Сондықтан бұл гүлді шығыс жақтағы терезеге қойған дұрыс.

Ылғалды топырақты өте жақсы көреді, бірақ батпақты болмауы керек. Егер гүлге күнделікті су бүркіп тұратын болсаңыз, онда қанық жасыл түсті жапырақтарымен сізді қуантатын болады. «Әйел бақыты» гүлін көктем мен жаз айларында (сәуірден қыркүйекке дейін) екі апта ішінде бір рет тыңайтқыш жиынтығымен қоректендіріп отыру керек. Ал күз, қыс айларында гүлге тыңайтқыш беруді тоқтатқан дұрыс.

Гүлді өсіру кезінде қандай мәселелер орын алуы мүмкін

Егер «әйел бақыты» гүлі гүл ашпай, жапырақтары ашық түске ене бастаса немесе солып тұрса, мұның бірнеше себептері болуы мүмкін:

  • Жарықтың дұрыс болмауы. Егер жарық жетіспесе, онда жапырақтардың ұшы сарғайып кетеді, ал егер жарық тым артық, тікелей күн көзі түссе, онда жапырақтарды қара дақтар пайда бола бастайды.
  • Артық суғару. Жарырақтары ұшынан бастап қарайып, тамыры шіри бастайды.
  • Қажетті мөлшерден суды аз құю. Жапырақтар тым кішкентай әрі солыңқырап тұрады.
  • Зиянкестер. Өрмектор кенелері бұл гүлді өте жақсы көреді. Сондықтан егер жапырақтар бұралып, жапырақтар сарғайып кетсе онда оны фунгицидпен өңдеу қажет.


«Әйел бақыты» гүлін басқа ыдысқа ауыстыру

Бұл гүл тығыздықты жақсы көреді. Тамыр тығыз болған сайын молынан гүлдейді. Ал егер гүл тамыры топырақтың сыртына шығып, тым тарылып кетсе онда оны жаңа ыдысқа ауыстыру керек. Ең дұрысы мұны көктемде жасау және алдыңғысынан қатты үлкен ыдыс таңдаудың керегі жоқ. Басқа ыдысқа отырғызған соң 5-6 күнге дейін суғармаған дұрыс. Астындағы топырағы толық кепкенін күту керек. Ал оған дейін күніне 2 рет жапырақтарға су бүркіп тұрыңыз.


АНТУРИУМ немесе «ЕР БАҚЫТЫ» гүлі отаны Оңтүстік Америка және бұл гүл сырт келбетімен тартымды. Халық арасында «еркек бақыты» гүліне де қатысты біршама сенім нанымдар кездеседі. Бұл гүл ер азаматтардың күшін арттырады деген сенім бар. Сондай-ақ «ер бақыты» гүлі иесіне сәттілік, ақша шақырады екен және ауырпалықпен күресуге көмектесі деген сенім бар.


«Еркек бақыты» гүлінің күтімі

Бұл гүл ерекше күтімді өте қатты қажет етеді. Ең алдымен гүл өсіретін ыдысты дұрыс таңдау керек. Ол өте тар, бірақ шұңғыл болғаны дұрыс. Оның ыдысы кең болған сайын бар күші тамырына кетіп, топырағы қышқылданып кетеді. Гүлдің топырағын жыл сайын көптемде ауыстырып тұру керек және ол топырақ дүкеннен арнайы осы гүл үшін алынғаны дұрыс. Сонда жақсы гүлдейді. «Еркек бақыты» гүлі оттегіні өте жақсы көреді, сондықтан тамырларына ауа барып тұру үшін ыдысының айналасынан ұсақ бірнеше тесік жасап қоюға болады.

«Еркек бақыты» гүлі жылу сүйгіш. Ол үшін жаз айындағы қалыпты температура +20 мен +28 градус, ал қысқы мезгілде +15 пен +20 градуста. Ылғалды ауаны ұнатады, жапырақтарын шүберекпен сүртіп, су бүркіп тұру керек. Сондай-ақ өзін жақсы сезіну үшін жанына ыдыспен су қойып қойған абзал.


Бөлменің қай жеріне қойған дұрыс?

Тіке түскен күн көзі гүлді күйдіріп жібереді, сондықтан оны шығыс жақ терезеге қойған дұрыс. Ал егер ондай орын болмаса, терезеден 1 – 1,5 метр алшақтықта қою қажет. Өкпек желден бірден солып қалады және электр құрылғыларының жанына қоюға болмайды. Егер «ер бақыты» гүлі гүл ашса онда оны алакөлеңке жарге қою керек.


Жаңа ыдысқа отырғызу

Егер гүлді сыйлыққа немесе сатып алған болсаңыз, онда бірден ыдысын ауыстыру керек. Ауыстырып болған соң мол етіп су құйып, ары-бері жылжытпауға тырысу керек.


КЕҢЕС: Егер гүліңіз солып жатса, онда оған жылу жетпей жаурап тұр. Ал өсуі өте баяу болса не топырағын ауыстыру керек немесе жарыққа қою қажет. Мұндай кезде топырақты минералды тыңайтқышпен қоректендіру керек.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Үйіңізде АНАР, ҚҰРМА, ІНЖІР өсіруге болады