БӘРІ ҚЫМБАТТАП КЕТТІ МЕ? Бройлер балапанын өсіргендер ұтады

0
2 456

Бройлер тауықтар 2 айда союға толық дайын болады.


БӘРІ ҚЫМБАТТАП КЕТТІ МЕ? Бройлер балапанын өсіргендер ұтады

Қазіргі кезде азық-түліктің бағасы күн санап шарықтап бара жатыр. Әсіресе ең қажетті деген ет өнімдері. Тіпті тауық етінің бағасы да өзге ет өнімдерінен қалысар емес. Сондықтан болар қазір үйде мал мен құс өсіруге қызығушылық танытатындар көбейген. Осыған орай сіздерге бройлер балапандарын өсірудің құпияларын ұсынамыз.


Бройлер балапандарын өсірудің артықшылығы

Бройлер балапандарын еті үшін өсіреді. Олар екі айлық кезінде-ақ союға жарайды. Балапандарды одан ары қарай бағудың еш пайдасы болмайды. Ары қарай тез өсіп, тамақты көп жей бастайды.

Бройлер балапанын көктемде алып, қара күзге дейін өсірсе 7 келіге дейін ет береді. Бірақ сойған кезде оның етіне қарағанда майы өте көп болады. Ал бұл текке шығын. Сондықтан оны уақыт өткізбей 2 ай шамасында сойып алған жөн.


Бройлер балапандарының үйде өсіруге болатын түрлері

  • Росс 308. Бройлердің бұл түрі өте жылдам өседі және 1 ай ішінде 2,5 келіге дейін салмақ жинайды. Өте өміршең және аса көп күтім мен қоректі қажет етпейді.
  • Росс-708. Бройлердің бұл түрі жаңадан пайда болған. Оның басты артықшылығы тез жетілетінінде. Ол 1 ай ішінде 3 келі салмақ жинай алады. Кемшілігі – ерекше күтімді қажет етеді.
  • Кобб 500. Бұл балапандар қымбат қоректі қажет етпейді. 1 ай ішінде 2 келі салмақ жинайды. Үй жағдайына өте шыдамды келеді.
  • Бройлер-М. Бұл бройлер етті өте мол береді және жұмыртқалайды. Бройлер-М жылына 150 жұмыртқаға дейін береді. Салмағы 2,5 – 3келі болады.
  • Грибо-6 түрі көптеген құс өсірушілерге танымал. Бройлердің бұл түрі өте жылдам өседі. Жоғары сапалы және мол ет береді. Үй жағдайына аса шыдамды.


Бройлер балапандарын шығынсыз өсіру

Бройлер балапандарын түрлі тәсілмен өсіруге болады.

Үй жағдайында көп ретте шұңғыл төсенішті ыдыстар пайдаланады. Құс өсіретін жерді тазартып, залалсыздандырып тұру керек. Ыдыстың астына азғантай мөлшерде әк сеуіп, оның бетіне ағаш үгіндісін (опилка) салады. Балапанның тұратын жері құрғақ, таза және едені жұмсақ болуы тиіс. Ол жердегі температура 26 мен 35 арасында болуы керек. 1метр 10-12 балапанға есептеледі. Бір айдан кейін температураны 18 градусқа дейін төмендетуге болады.

Екінші тәсіл – торда өсіру. Бұл үшін арнайы тор дайындалады. Қажет жағдайда торды бірнеше қабат етіп дайындауға болады. Бастысы тазалық пен залалсыздандыру жиі жасалып тұру керек.


Бройлер балапандарын тамақтандыру

  • Тез салмақ жинау үшін, балапандар жоғары сапалы және мол жем жеуі керек. Егер қорек жеткілікті болмаса, онда олар тез әлсіреп өспей қалады.
  • 1 тәулік болған балапандарға Тривит дәруменін тамызғыш арқылы 1 тамшыдан тамызу қажет. Екі күннен соң дәруменді қайта беру керек.
  • Алғашқы 10 күнде балапандарды тәулігіне 7-8 мәрте тамақтандыру керек. Арнайы бройлер балапандарына арналған беру ұсынылады. Сондай-ақ дүкеннен қсақ жарма алып беруге де болады. Балапандарға міндетті түрде қайнатылған жұмыртқа, сүт және ірімшік беру қажет. Бір аптадан кейін ұнтақталған бидай мен жүгеріні қосуға болады.
  • 10 күннен кейін бройлер балапандар дәнді-дәруменді қоспамен тамақтандыруға ауыстырылады. Оның ішінде болуы тиіс:
    • Жүгері жармасы 50%
    • Ұнтақталған бидай 25%
    • Арпа ұны 10%
    • Сұлы қауызы 5%
    • Қалақай 10%, шамалап ұнтақталған және қайнаған су құйып жидітілген.

Екі аптадан кейін балапандардың азығына үккіштен өткізілген сәбіз және қайнатылған ет қосылады. Сондай-ақ жем салатын ыдыстарға бор, ірі құм салып қою керек.


Балапандарға су беру

Су беруге көңіл аударған жөн. Балапандарға қайнамаған су беруге болмайды. Олар үшін түймедақ пен итмұрын қайнатпасы өте пайдалы. Бұл шөптер тамақтың қорытылуына жақсы көмектеседі. Балапандар суды өте көп ішеді. Әр балапанға тәулігіне 40гр су қажет. Судың жетіспеуі балапандарда ауру туғызады.

20 күннен соң балапандарды тауықтарға беретін тағамдармен қоректендіруге болады. Олардың астауы үнемі тола болуы керек. Жаңа сулы араласпа жем және көп көкөніс берген жөн.


Қай уақытта союға болады?

Мұны тауықты өсіретін жанның өзі шешетіні анық. Негізінен бройлер тауықтар 2 айда союға толық дайын болады.

Союдан алдын тауықты 6 сағат тамақтандырмау керек, тек су ғана беріледі. Бұл асқазанды тазартып, етті бүлдірмеу үшін қажет.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын! Істеріңізге сәттілік!

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Сарымсақ пен балықтың иісін ТІС ПАСТАСЫ КЕТІРЕДІ