Электр шәйнегінен шығатын пластмассаның ИІСІ мен ДӘМІН «Sprite» сусыны кетіреді

0
17 556

Иісі кетпеген шәйнектен шай ішу денсаулыққа зиянын тигізеді.


Электр шәйнегінен шығатын пластмассаның  ИІСІ мен ДӘМІН «Sprite» сусыны кетіреді

"Шайдан кейін де шай ішетін" халық екеніміз рас. Алдағы жаздың ыстығы нағыз бабына келтіріп, ыстық күнде терлеп-тепшіп шай ішетін кез.

Қазір қонақ шақырып, көпшілікті жинағанда болмаса, самаурын қайнатып, от жағып жүрген жанды көрмейсің. Газ плитасында қайнатады, не болмаса электр шәйнегінің тетігін баса салады. Шамалы уақыттан соң-ақ шай дайын.

Алайда бұл әйелдер қауымының жұмысын жеңілдеткенімен, кейде жағымсыз тосынсый сыйлап жатады. Соның бірі – электр шәйнегінен шығатын пластмассаның жағымсыз иісі мен дәмі. Пластмассаның исі мен дәмі оның жаңа немесе ескі екеніне қарамайды. Өнімді өндірушілер заттың ұзақ қызмет жасауы және сыртқы пішінімен тұтынушыны қызықтыруы үшін түрлі бояғыштар мен пластификаторды көбірек қосады.

Ендеше шәйнектегі осы бір жағымсыз иістен құтылудың қарапайым бірнеше тәсілдері туралы біле жүргеннің артықтығы болмас.


Жағымсыз иісті кетірудің тәсілдері

  • Егер шәйнек жаңадан алынған болса, ондағы платмасса исі қораптан шығарып бетін ашып, желдетіп алғанннан кейін жоқ болып кетуі мүмкін. Желдетуге 1 тәулікке қалдырған жөн.
  • Жаңа шәйнекті қолданарда, алдымен иіссіз ыдыс жууға арналған сұйықтықпен жуып-шайып, екі рет су қайнатып төгіп, тек содан кейін ғана шай қайнатуға болады.
  • Егер бұлай жасағаннан иісі кете қоймаса, онда төмендегі кеңестердің бірін іске асырып көруге болады.


Химиялық жағымсыз иістен лимон шырыны арқылы құтылуға болады

  • Шәйнектің ең жоғарғы мөлшеріне дейін су құйып, ған үш лимонды сығып, сөлін құямыз. Қайнатамыз.
  • Қайнап шыққан соң суды төгіп тастамай, сол күйінде таңға дейін қалдыру қажет. Ал таңертең тағы бір қайтара сол ішіндегі суымен қайнатып жіберу керек.
  • Егер бір жасағаннан иісі толықтай кетпесе әдісті тағы бір қайталап жіберуге болады.

Мұны жасау үшін лимон қымбат болса, оны 50 г лимон қышқылы ұнтағымен алмастыруға болады, (50 г - 2 дана). Лимон сөлін қолданған кездегі тәсіл қайталанады.


Тағы бір тиімді әдіс – бұл лимон қабықтарымен тазарту

  • Электр шәйнегін жартысына дейін лимон қабықтарымен толтырамыз.
  • Үстінен су құйып қайнату керек.
  • Қайнағаннан кейін тура сол қалпында 12 сағатқа қалдырамыз.
  • 12 сағаттан кейін ішіндегісін төкпеген күйі екінші мәрте қайта қайнатамыз.

Шәйнектің иісін кетіру үшін қандай амал қолдансаңыз да, жұмысыңызды аяқтаған соң, шәйнекті бірнеше мәрте таза сумен шаю керек.


Ескерту: Лимон шырынын қолданудың негізгі пайдасы - оның құрамында адам ағзасына зиянды ешқандай химикаттың жоқтығы. Цитрусты өнімнің құрамындағы табиғи қышқыл шайнек ішіндегі қақты тазартып, ішіндегі металды бөлшектерді жылтырата тазартады.




Лавр жапырағымен тазалау

Пластмасса иісін кетірудің тағы бір тамаша тәсілі – лавр жапырағын пайдалану. Оның жағымды исі пластификатордың өткір иісін кетіруге септігін тигізеді. Ол үшін:

  • шәйнектісуға толтырған соң ішіне лавр жапырағының 7-8 жапырағын салып қайнатып, ішіндегі суымен 1,5 сағатқа қалдыру керек;
  • қажетті уақыт өткеннен кейін тағы бір қайнатып жіберу қажет;
  • одан кейін суды төгіп, ішін жақсылап шайып, бір құрғатып, кептіріп алған дұрыс.


«Sprite» газды сусынымен де тазартуға болады

  • Газды сусынды шәйнекке толтырып құйып, қайнатып алу керек.
  • Қайнаған шәйнекті ішіндегісі толық суығанша қалдырып, салқындаған соң тағы бір қайнатып, ішіндегісін төгіп, жуып-шайып алу қажет.


Кофе және қант - шәйнектегі иісті кетірудің тағы бір қарапайым да тиімді тәсілі

  • Шәйнекке су толтырып қайнаған уақытта 2 ас қасық қант/шекер салып, суығанша қалдыру керек. Суығаннан кейін төгіп, таза сумен шайып алынады.
  • Су толы шәйнекті қайнатып алып, 2 ас қасық ұнтақталған кофені салып, түнге қалдырасыз. Таңертең төгіп, жуып алса да иісті жақсы кетіреді.
  • Кофенің орнына белсендірілген көмір (активированный уголь) салып, тура сол әрекетті қайталауға болады. Мұндай тәсіл де жағымсыз иісті, дәмді жоқ қылып жібереді.


Кеңес: Егер жоғарыдағы тәсілдердің ешқайсысы да шәйнектегі пластмасса иісінің кетуіне әсер ете алмаса, ол шәйнекті ары қарай пайдалану ұсынылмайды. Себебі, иісі мен дәмі осынау тәсілдерден кетпейтін болса, ағзаға айтарлықтай зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан да шәйнекті сатып аларда міндетті түрде қақпағын ашып иіскеп көрген дұрыс. Егер өткір жағымсыз иіс бар болса, басқа түрін қарастырған жөн.



иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқи отырыңыз:

Газ плитасын ТАЗАЛАУДЫҢ ең ОҢАЙ жолдары