Ет қатты болып піспес үшін не істеу қажет - асүйдегі қулықтар

0
69 899

Сондай-ақ кейде тағамды асығыста күйдіріп алып немесе майлы етіп жіберетін кездер де жиі кездеседі.


Ет қатты болып піспес үшін не істеу қажет - асүйдегі қулықтар

Әне-міне дегенше алдымызда мұсылман қауымының қасиетті айы ораза да келіп қалды. Қазір көпшілік жандар ауыз бекітуге ниетті. Алайда кейде жұмыстан кеш қайтып немесе сәресіге ұйықтап қалып, асымызды ішуге асығыс кірісіп жатамыз. Ондайда қырсыққанда шай суымай, жасаған тағамның тұзы ащы, еті қатты болып қалып жатады. Сондай-ақ кейде тағамды асығыста күйдіріп алып немесе майлы етіп жіберетін кездер де жиі кездеседі.

Сондықтан бүгін сіздермен асхана жұмыстарын жеңілдететін бірнеше қулықтармен бөліспекпіз.


Ыстық асты тез арада суыту керек пе?

Асығыс кезде шай мен сорпа да қатты ыстық болып жатады. Әрине, ас ішкенде асықпаған дұрыс. Десек те аздаған қулыққа баруға болады. Мұндай кезде тез салқындату амалы ретінде тот баспайтын болат (нержавейка) қасықтардың пайдасы зор. Жай ғана 2-3 қасықты шай құйылған кесе немесе бокалға салып қойсаңыз, ыдыстағы шйыңыз тез-ақ суып қалады. Мұндай әдісті шайдан өзге сорпа сияқты сұйық тағамдарға да қолдануға болады.



Пияздың өткір иісі мен ащы дәмін кетіру үшін...

Пиязсыз ешқандай астың дәмі кірмейтіні анық. Бірақ оның өткір иісі көзді ащытып, ащы дәмі асқазаннан кетпей қалады. Ондайда пиязды ірі бөліктерге бөліп, 10 минуттай салқын суға салып алған жөн.


Ет қатты болып пісті ме?

Кешкісін жұмыстан келіп, асты асығыс дайындап жатамыз. Ет қосылмаса ас жегендей болмайтын қазақпыз ғой. Осылай асығыс жасалған астың еті қатты болып, шайнау қиынға түспес үшін ең алдымен өзге қосатын қоспаларды дайындамай тұрып, етті 10 минут кока-кола сусынына салып алыңыз. Болмаса үйде қандай да бір жемістер болса, онда соларды ірі етіп турап, майдалап кесілген еттің бетін толықтай жуып 10-15 минутқа қою керек. Содан кейін маринадтан шығарып, қуыруға болмаса өзге де әдіспен жасалатын етті тағамға пайдалана беруге болады.


Сорпаның тұзы ащы болса...

Сорпаның тұзын артық салып, асыңыз ащы болған жағдайда қамығудың қажеті жоқ. Ондайда бірінші амал – үстіне аздап қайнаған су құйып жіберуге болады. Салқын су болмайды, себебі салқын су қайнаған соң тұзы еселене түседі. Екінші амал – дәкеге оралған 4-5 ас қасық күрішті сорпаның ішіне салып жіберіңіз. Күріш тұзды өзіне тартады.

Целлофан қалташаға күріш салып та жасауға болады. Тек инемен әр жерден тесуді ұмытпаңыз.

Үшінші амал – бір шымшым шекер қосса, сорпаның ащы дәмін кемітеді.



Тұзды ет – ащы тұздалған еттің дәмін 2-3 ас қасық қаймақ келтіреді. Мұндай еттен жасалған тағамға 1 ас қасық тұзсыз сары май немесе жасалған тағамның шамасына қарай аздаған ұн салып жіберуге де болады.


Тұзы ащы көкөніс салаты – мұндай кезде салатқа азырақ қызанақ турап араластырып жіберсеңіз болғаны.


Күйген ет – кейде еттің сырты күйіп піскенімен іші шикі болып қалып жатады. Сондай кезде еттің күйген сыртқы бөлігін жұқалап кесіп алып тастап ішін суға немесе сорпаға салып қайнатуға және майға қуырып алуға болады. Егер дайындаған астан күйген еттің дәмі, иісі шығып тұрса, ас шамасына қарай 3-4 ас қасық жылы сүт қосып жіберу керек.


Майлы ас – жасалған тағамның майы көп болып кетсе саспаңыз, ондай кезде астың беткі жағын үлкен тостағанға құйып тоңазытқышқа қоя саласыз. Майы қатыңқырап жоғарыға жиналып, алып тастау оңай болады.


Құймақ пісіргенде табаға жабысып қала берсе, мұның себебі - құймақ қоспасының сұйық болып кетуінде болса керек. Ондайда үстіне ұн қосып араластырып, қайта пісірген жөн. Егер бұл көмектеспесе, онда жарма ұнтағын (манная крупа) салу керек. Бұдан өзге табаны жақсылап қыздырып алудың да маңызы зор.