Қазанды жарқыратып тазалау үшін ЕКІ-ақ нәрсе қажет

0
37 077

​Ас дайындайтын ыдыстың тазалығы ас үй хашайымының қандай екенінен біраз хабар береді.


Қазанды жарқыратып тазалау үшін ЕКІ-ақ нәрсе қажет

Ораза басталып көптеген қыз-келіншектер асханадағы өз шеберліктерін сынға салып, түрлі тәтті-дәмді пісірмелер дайындауға көшкен болар. Ораза кезінде асқазанға салмақ салмас үшін көп ретте қуырылған асқа қарағанда қайнатылған, бұқтырылған немесе пешке пісірілген тағамдар көп дайындалады. Бірақ тәтті пісірме мен ас-ауқат дайындалғаннан кейінгі пештің табасы мен қазанда қалған май дақтары ешкімді де қуантпайтыны белгілі.

Әрине, оларды тазартатын түрлі химиялық құралдар толып жатыр, бірақ оның денсаулыққа тигізер зияны да бар екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан таба (противень) мен қазанға қатқан май дақтарын қолда бар құралдармен оңай әрі шығынсыз кетіруге болатыны жөнінде кеңес ұсынамыз.


Пештің, газ плитасының табаларын тазарту


Тұз бен ас содасынан май қатқан ескі табаның өзі жарқырап шығады

Табаны тазарту үшін алдымен қажетті заттарды түгелдеп алу қажет. Ол үшін тұз, ас содасы, алма сірке суы, бүріккіш (пульверизатор) қажет.


  • Алдымен табаның ішіне қайнап тұрған ыстық суды толтыра құю қажет. 10 минутқа сол күйі қалдырып, кейін суын төгеміз.

  • Суы төгілген табаға ас содасын толықтай салып шығу керек. Шет-шетіне дейін жеткізіп себу қажет.

  • Ас содасының бетінен біртегіс тұз салып шығамыз.

  • Алма сіркесуын бүрккішке құйып алып, тұздың үстіне молынан сеуіп шығу керек. Шыжылдау (шипение) пайда болып сірке суы мен ас содасы реакцияға түседі, одан қорқудың қажеті жоқ.

  • 5-10 минут тұрған соң қатты сорғыш (жёсткая губка) көмегімен ыдысты ысқылап жуып алу керек.


Қатты майланған, күйген дақтары бар ыдысты ысқылауға 10 минуттай уақыт кетеді және кетпей қалған жерлеріне темірысқыш қолдану керек. Бірақ нәтижесінде жұмсаған күшіңіз бен уақытыңыз үшін риза болатыныңыз сөзсіз.


Ағартқышпен де оңай тазартуға болады

Ағартқыш (отбеливатель) пен кальций қосылған сода (кальцинированная сода) қоспасымен табаны өте оңай тазартуға болады.

Әрине ағартқыштың химиялық қоспасы бар болғандықтан көпшілік оны ағзаға зиянды деп пайдалануға қорқады. Алайда ыдыстардағы қатқан май іздерін кетіруге арналған арнайы химиялық жуу құралдарына қарағанда ағартқыштың зияны көп емес. Сондықтан тазартып болған соң өте мұқият таза сумен шайып алу керек.


  • 2 ас қасық ағартқыш және 2 ас қасық соданы табаға салып, үстіне ыстық суды толтырмай құю керек. Су құйған соң табаны ақырындап пештің ішіне саламыз. Барынша жоғары градусына қойып, табадағы суды қайнатамыз.

  • Егер табадағы май дақтары орташа көлемде болса, судың пеш ішінде 10-15 минут қайнағаны дұрыс.

  • Егер таба өте қатты майланған, қатпарланып, май қабаттары күйіп тұрып қалған болса, онда 30 минут қайнатып алу керек.

  • Қажетті уақыт өткен соң, ыдыстағы суды төгіп, қатты сорғыш көмегімен ысып, жуып тазартып аламыз.

Есте сақтаңыз! Мұндай тәсілмен табаны тазартқанда өте мұқият болған дұрыс. Себебі сіз ыстық қайнаған су мен ысып тұрған табамен жұмыс істейсіз. Күйіп қалудан сақ болыңыз.


Назарыңызда болсын! Егер табаның материалы керамика болса, онда оған сіркесу, мүсәтір спирті және сода қолдануға болмайды.


Шыны табаларды қырғышпен тазартуға болмайды. Шыны таба өзге материалдан жасалған табаларға қарағанда тез тазаланатын болғандықтан, оны суға ыдыс жуатын сұйықтық ұйып жібітіп қою керек.30 минуттан кейін суын төгіп, тазалап жуып-шайып ала беруге болады.


Қазанды оңай тазартудың 2 тәсілі

Бұрындары апаларымыз қазанды отқа қойып күйдіріп, ағартып алатын. Ал қазіргі кезде мұндай тәсілді қолданатындар қатары кеміген. Көпшілігі химиялық құралдарға жүгінеді. Оның үстіне қалада тұратындар үшін от жағатын жер де жоқ. Химиялық құралдардың көмегінсіз де қазанды ағартып тазартуға болады.

Бірінші тәсіл. Ол үшін ас содасы – 150 гр, сұйық концелярлы желім – 150гр, лимон қышқылы – 15 гр қажет болады.


  • Бірінші кезекте қазан сыйып тұратындай ыдысқа су құйып қайнатып алу керек. Қайнап жатқан суға ас содасы мен желімді құйып араластыру қажет.

  • Ішіне қазанды салып 50-60 минут қайнату қажет. Одан соң оттан түсіріп ыңғайлы жерге қойып аламыз. Балаларға абай болу керек!

  • Осы судың үстіне лимон қышқылын салып, қазанды тағы кемі 4 сағат сол суда қалдырамыз. Мүмкіндік болса тазалауды кешкі астан соң жасап, қазанды су ішінде таңға дейін қалдырсаңыз жақсы нәтиже береді.

  • Таңертең немесе белгіленген уақыт өткен соң ағарған қазанды таза суға жуып-шайып ала қоясыз.


Екінші тәсіл. Қажетті заттар: ас содасы – 6-7ас қасық, кір сабын – жарты, орташа көлемде.


  • Үлкен ыдысқа мұздай су құйып оған ас содасын саламыз. Оны отқа қойып қайнатамыз.
  • Отты жаймен қойып 1 – 1,5 сағат қайнатамыз. Судан алып ысқышпен ысып тазартып аламыз.

2.Қайнап жатқан суға кір сабынды бөлшектеп турап немесе үккіштен өткізіп қосамыз. Жақсылап араластырып оған қазанды салу керек.

Мүмкіндік болса ыдыстарды күйген, май тиген дақтардан уақтылы тазартып тұрған жөн.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ