​Келер жылға тыңайтқышыңыз дайын ба?

0
2 855

Бау-бақша егу мезгіліне дайындықты қазірден бастап жасай берсеңіз, ерте қамдансаңыз еш сөкеттігі жоқ. Себебі, «қыстың қамын жаз ойла» дегендей, ерте көктемде бақшалық егу үшін тыңайтқыш дайындауды қазірден бастасаңыз ұтылмайсыз.


​Келер  жылға тыңайтқышыңыз дайын ба?

Бау-бақша егу мезгіліне дайындықты қазірден бастап жасай берсеңіз, ерте қамдансаңыз еш сөкеттігі жоқ. Себебі, «қыстың қамын жаз ойла» дегендей, ерте көктемде бақшалық егу үшін тыңайтқыш дайындауды қазірден бастасаңыз ұтылмайсыз.


Тезек немесе қи

Органикалық тыңайтқыштардың ішінде ең көп, кеңінен таралғаны мал тезегі. Оның құрамында нәрлендіргіш заттар - түрлі микроэлементтер, азот, калий және фосфор мол. Бірақ, уақыт өте келе тезектің құрамындағы көптеген элементтер ұшып кетеді. Дегенмен, оны дұрыс қолдана алсаңыз, ұзақ уақытқа жеткізуге болады.

Мысалы, тезекті бақшалыққа сепкенде оны тығыздау қажет. Сонда оның арасына ауа азырақ барады да «шіру» үрдісі баяулайды. Құрамындағы пайдалы элементтердің сақталуын осылайша қолға алуға болады.

Мал тезегін бақшалықта қолданудың кейбір өзгешеліктері болады. Мәселен, оны қияр мен асқабақ түбіне ғана себуге болады. Ал егер, раушан гүлінің, өзге де аула гүлдерінің немесе жеміс ағаштарының түптерін көктемгі мезгілде мал тезегімен құнарландырмақ болсаңыз, қателесесіз. Тезек өсімдік тамырларына зиянын тигізуі мүмкін.

Мал тезегін бау-бақша үшін шірітіп барып қолданудың маңызы зор. Сонда тезек құрамындағы құнарлы заттар мол болып, өсімдік оны өзіне тез сіңіреді. Ал жаңа тезекті қолдануға болмайды.

Әдетте бір шаршы метр жерге шамамен 8 кг тезек шіріндісі қажет. Топырақ алдын ала аударылып, суғарылуы керек.


Құстың саңғырығы

Органикалық тыңайтқыштар қатарында келесі орынды осы құстың саңғырығы алады. Оның 10 г қоспасында орташа есеппен 150 г калий, азот және фосфор болады.

Құс саңғырығынан дайындалған тыңайтқыш бақшалық жерге жазда және ерте көктемде көкөніс пен жеміс ағаштарының жерін тыңайтуға себіледі. Құс саңғырығының тек өзін ғана қолданбайды. Оған сумен араластырып, 2 шаршы метр жерге 10 литр есебінде себеді.

Құс саңғырығы өсімдіктерді күйдіріп жібереді деген теріс көзқарас бар. Бірақ, ол жаңсақ пікір. Себебі, барлығын да мөлшерімен теңдей етіп дұрыс қолдана білсе, құстың саңғырығы тамаша тыңайтқыш бола алады.


«Қорда» дайындап алыңыз

Бұл да органикалық тыңайтқыштардың ең жақсы түрі. Оның басқалардан ерекшелігі сол - түрлі компоненттерден тұрады. Сондықтан, ерте бастан дайындауға тура келеді.

Қорда дайындау үшін бақшалықтың бір бұрышынан шұңқыр қазып алыңыз. Сөйтіп, оған шабылған арамшөп, түрлі ас үй қалдықтары, яғни, көкөністер мен жемістердің аршылған қабықтары және сабан секілді заттарды тастай бересіз. Егер қорда дайындауды жазда бастаған болсаңыз, оны күзде қолдана беруге болады. Ал күзден бастап дайындап келер жылда пайдалана аласыз. Егер қорданың үстіне үстемелеп ағаш күлі мен фосфорлы тыңайтқыш қоссаңыз, нәтижесі анағұрлым жоғары болмақ.

Қазірден бастап қорда дайындауды бастасаңыз, көктемгі науқанға дайынсыз!

Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА