Көкөністерді қыста ДӘРЕТХАНА ҚАҒАЗЫНДА өсіруге болады

0
4 150

Қысқы мезгілде көкөністердің бағасы біршама көтеріледі және жылыжайда өсірілгендіктен құнары мен ағзаға тигізер пайдасы азаяды.


Көкөністерді қыста ДӘРЕТХАНА ҚАҒАЗЫНДА  өсіруге болады

БҮГІН күнделікті қажетті көкөністерді қыста, терезе алдында еш шығынсыз өсірудің жолдары жайлы кеңестермен бөлісеміз. Көкөністерді өсіру үшін топырақтың да, артық жарықтың да, дәннің де қажеті жоқ. Бар болғаны су құйып тұру керек.


Сәбіз

Сәбізді тағамға пайдаланар алдында түбін кесіп тастаймыз. Осы кесілген шетін қоқысқа тастамай терезе алдына қоюға болатын жайпақ, шағын ыдысқа азырақ су құйып салып қойыңыз. Суы тартыла бастаған кезде құйып отырыңыз. Шамамен екі аптадан кейін алғашқы өскіндер пайда бола бастайды.

Сәбіз жапырақтарында сәбізде болмайтын дәрумендер бар. Мысалы К дәрумені. Бұл дәрумен қан қысымын қалыпта ұстауға және жүрек ауруына көмектеседі. Сәбіз жапырағының бір талын салатқа қоссаңыз ағзаның бір тәуліктік қажеттілігін толтырады.


Қызылша

Қызылшаны да «көк шөп» ретінде өсіру сәбіз секілді оңай. Ол үшін қызылшаның жапырақ шығаратын шетін кесіп алып жайпақ ыдысқа су құйып саламыз. Суды екі күнде бір ауыстырып отыру керек.

Қызылша жапырағын салат пен сорпаға қосуға болады. Бұл жапырақ каротиноид пен антиоксидантқа бай. Олар ағза жасушаларын қатерлі дерттен сақтайды. Қызылша жапырақтарын үздіксіз пайдалану жүрек пен қан тамырларын жақсартады.


Көк пияз

Көк пиязды суға салмай-ақ өсіруге болады. Ол үшін сізге пластик бөтелке мен дәретхана қағазы ғана қажет. 1,5 немесе 2 литрлік пластик бөтелкенің жоғарғы жағын кесіп тастаймыз. Кішірек көлемді пияздарды іріктеп аламыз. Пластик бөтелкеде шахмат тәртібімен үлкендігі 3см көлеміндегі тесіктер оямыз. Ең түбіне бірнеше қабатталған дәретхана қағазын салып, үстінен кішкене су себеміз. Оның бетіне пиязды салып, түбін тесікке қарата қоямыз. Пияздардың арасына аямай дәретхана қағазын салып отырамыз. Қағаздар суланатындай дәрежеде су сеуіп өзіңіз қалаған, жарық мол түсетін жерге қойыңыз.

Мұндай тәсілде өскен пиязға ешқандай күтімнің қажеті жоқ. Бар болғаны қағаз үй ішіндегі ауадан тез құрғайтын болғандықтан, жиі су шашып тұру қажет.


Тағы бір тәсіл

Пияздың тамырлап тұрған жағын кесіп алып, банкаға су құйып салып қою керек. Шамамен екі апта көлемінде өніп шығады. Тек бұл тәсілдің кемшілігі бір кішкене банкаға бір дана пияз ғана кетеді. Ал бұл көп орын алады.


Сарымсақ

Бүтін сарымсақтың тамыршалары бар жағын стақан немесе кішірек банкаға су құйып жартылай батып тұратындай етіп саламыз. Жоғары қарап тұрған жағын аздап бетінен кесеміз. Ыдысты жарық мол түсетін терезе алдына қоямыз. 1-2 апта ішінде сарымсақ өскіні пайда болады.

Сарымсақтың ағза үшін пайдасы мол екенін білеміз. Сол себепті де қазір сарымсақ қосылған түрлі БАД-ты сатылымнан көп көреміз. Табиғи антибиотик саналатын сарымсақ инфекциямен күресуге, жүрек ауруын төмендетуге, бастағы қан айналымын жақсартуға жақсы көмектеседі. Піскен сарымсаққа қарағанда, сарымсақ өскіндерінде дәрумен мол болады.


Міне, қысқы мезгілде артық шығынсыз, көп күш пен уақыт жұмсамай қажетті көкшөптерді өсірудің тәсілдерін білеміз. Енді мұның барлығы дүкенде толып тұрғанда үйде өсіріп не керек деген сұрақ туындауы мүмкін.

Біз әркез көкөністерде дәрумен мол дегенді естиміз. Бұл дұрыс. Бірақ дәрумендер көкөніс топырақта өсіп тұрғанда мол болады. Ал сақтап қойған кезде ол тұрған сайын өз бойындағы дәруменнен айрыла бастайды. Сондықтан керектіні өзіміз өсіріп алғанымыз жөн секілді.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!

Дайындаған: Э. Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Жасанды тастан жасалған бұйымдардың күтімі қандай?


Сұйық және қатты сабын - қайсысы дұрыс?