ҚОҚЫСҚА ТАСТАМАҢЫЗ: "Памперсті" үй шаруасында пайдалауға болады

0
2 094

Бір реттік жөргекті тек балаларға ғана емес, өсімдіктерге және көптеген тұрмыстық қажеттілікке де пайдалануға болады.


ҚОҚЫСҚА ТАСТАМАҢЫЗ:

Қазір ешбір бала жөргексіз (памперс) өспейді. Ал бұл жөргектер қоқысқа тастап оңайлықпен көзін жоя алмайсың. "Отқа салсаң жанбайды, суға салсаң батпайды".

Алайда осындай мәселе туындататын жөргекті бақшадағы қажеттіліктерді шешу жолында пайдалануға болатынын біреу білсе, біреу білмес.


Технологиялардың күн санап дамып, қарыштап жатқан шағында өмір сүріп жатқан 21 ғасыр адамдарын таңқалдыру оңай емес, бірақ өнертапқыштар небір ғажайыптар жасауларын жалғастыруда. Енді олардың шебер қолдары жөргек сияқты гигиеналық құралдарға жетті және ол барынша пайда әкелуі үшін бірнеше ерекше идеялар ұсынды.


Бақшада қолдануға болады

"Памперс" өсімдіктер орналасқан топырақтың ылғалдануын қамтамасыз етуге көмектеседі. Мұндай мүмкіндіктер жөргек ішіндегі гидрогельдің арқасында қол жетімді. Мұны пайдаланудың еш қиындығы жоқ.


Пайдалану тәсілі. Қажетті зат - үлкен өлшемді жөргек және топырақ. Алдымен, бұл гигиеналық құралды кесіп, ішіндегі түйіршіктерді үлкен ыдысқа төгіп алу керек. Су қосып гел тәрізді массаға айналғанша араластыру керек. Содан кейін 1:1 шамамен топырақпен араластырылады. Осы қоспаны бақшадағы ағаш, бұта, гүлдердің түбіне салу қажет. Бұдан шығатын қорытынды жөргектен алынған гельдің көмегімен бақшадағы топырақтың ылғалдылығын ұзақ сақтауға болады.

Күннің ыстығында құйған су тез құрғап қалып жатса немесе ұзақ уақыт суғаруға мүмкіндік болмаған жағдайда өте қажет-ақ. Сондай-ақ жөргек гелі араласқан топырақ борпылдақ әрі дымқыл болып тұрады. Өсімдік үнемі өзінің өсіп- өнуіне қажетті ылғалда болады. Сондай-ақ үнемі ылғалды болып тұрса да тамыр шіріп немесе көгеріп, саңырауқұлақтанып кетпейді.

Бөлме гүлдері үшін қолдануға болады

Бір реттік жөргекті үй өсімдіктеріне қатысты да табысты қолдануға болады. Ол үшін жөргекті сулап, ішіндегісін түйіршік етіп аламыз. Осы түйіршіктерді бөлме гүлдерінің түбіндегі топырақтың түбіне көмеміз. Мұндай "тыңайтқыштардан" кейін бірнеше күнге бөлме гүлдерін суғармай демалуға да болады. Тек оларды тыңайтқыш салмай тұрып алдын ала суғарып алу керек.

Сонымен қатар, бөлме гүлдерін отырғызарда жөргекті кеспей, түйіршіктерін алмай бүтін күйінде пайдалануға болады. Ол үшін үлкен ыдыстың түбіне тастың орнына жөргекті, үстінен топырақты салып ары қарай қалыпты жасап жүргендей әдіспен өсімдікті қондыра бересіз. Тек бұл жерде басты назарға алатын жайт, астына жөргек салынып егілген өсімдіктеріңізді тікелей күн көзі түсетін жерден алшақтау ұстау керек. Себебі, ұзақ түсіп тұрған күн көзі жөргектегі ылғалдың тез булануына әкеледі. Ал мұның соңы топырақтың құрғап, өсімдіктің өсуіне кедергі келтіреді.

Гүл солып қалмау үшін де пайдасы бар

"Памперсті" кесілген гүлдерді ұзақ уақыт сақтау үшін де пайдалануға болады. Ол үшін:

  • қант – 2 ас қасық
  • жөргектен алынатын бірнеше түйіршіктер
  • сірке суы - 2 ас қасық
  • хлорлы ағартқыш - жарты шай қасық көлемінде қажет болады.

Осылардың барлығын жақсылап араластырып, құмыраға саламыз. Мұндай қоспада тұрған гүлдер тез солып қалмай, өз балғындығын ұзақ сақтайды.


Жөргектің мұндай кереметтілігі ішіндегі сұйықтық сіңіретін гидрогельдің ерекшелігінде. Оның ылғалды мол сіңіретінін білеміз. Сол сіңірген ылғалын топыраққа біртіндеп бере отырып, өсімдіктің жайлы өсуіне көмектеседі. Мұндай ылғал ұстап тұрғыш жасау үшін жаңа емес, пайдаланылған жөргектерді қолдану керек. Әрине, толтырып тастаған емес. Дегенмен көп жағдайда жөргектің алдыңғы жағы су болып, ал артқы жағындағы түйіршіктер құрғақ күйінде қалады. Сондықтан бау-бақша мен өсімдіктер үшін пайдалы затты қоқысқа тастамаңыз. Оның үстіне мұндай тәсілдің ұтымдылығын бағалау үшін интернет-дүкендерде ұсынылған гидрогель қаптамасының бағаларымен танысу жеткілікті.


Жөргектегі гидрогельді өсімдік ылғалдағышы ретінде қолдану нәтиже беру үшін оны топырақпен араластыру ұсынылады. Гидрогель мен бау-бақша топырағын араластырған кезде 1:5 пропорцияларды пайдаланады. Яғни, 5 келі топырақ, 1 келі гидрогель етіп алу керек.


Гидрогель араласқан топыраққа бау-бақша өсімдіктерінің ішінде сәбіз, қызылша, құлпынай және асқабақ керемет өседі.


"Памперсті" тұрмыстағы қажеттіліктерге пайдалануға болады

1. Тоңазытқыш - сөмке. Алыс жолға, саяхатқа алып шыққанда ас бұзылмас үшін жөргектерді пайдалануға болады. Ол үшін бірнеше жөргектің шетіне шығарып жібермей, ортасына ғана су құйып, мұздатқышқа салып қою керек. Жолға шығарда әрбір ыдысқа салынған тамақтың жанына мұздатылған жөргектерді салып аласыз.

2. Кептіргіш құрал. Суға түскен қағаздарды, құжаттарды жөргектің ішіне салып, күн көзіне немесе жылу батареяларының үстіне қойсаңыз өте жылдам кебеді.


Өзге елде қалай пайдаланады? Қызықты деректер

  • Мексикада қолданылған жөргектерді саңырауқұлақ өсіруге пайдаланады. Жөргектің ішіндегілерін төгіп, иісін кетіретін залалсыздандырғыш заттар мен ағаш үгіндісін араластырып пайдаланады. Мұндайда саңырауқұлақтар керемет өседі екен.
  • Жапония мен Германияда жөргектерді электр энергиясы өндірісінде қолданады. Алдымен оларды арнайы орындарда өңдеп алады да, кейіннен жанармай ретінде жағады.
  • Шотландияда қолданылған жөргектерді алдымен залалсыздандырып, содан кейін ұсақтап, жабынқыш (черепица) жасауға пайдаланады.
  • Ал Канада елінде қолданылған жөргектерден биодизельді жағармай алады. Бұл кәдімгі дизельді жағармайдан бірнеше есе арзан түседі.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз: Жабылған "банкі" атылмасын десеңіз МЫНАНЫ ескеру керек

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет