Қыста бөлмедегі гүл "өліп" қалмасын десеңіз

0
5 285

Барлық тірі жан секілді өсімдіктерге де демалыс қажет.


Қыста бөлмедегі гүл

Қыс жақындаған сайын, ауа салқындап, күн қысқара бастайды. Ал мұндай кезде бөлме гүлдері жақсы өсіп даму үшін қажетті табиғи жарықтың жетіспеушілігінен зардап шегеді. Әрине, жасанды жарық көзін орнатуға болады, бірақ қысқы мезгілге қарай өсімдіктерге демалуға мүмкіндік берген дұрыс. Себебі. барлық тірі жан секілді өсімдіктерге де демалыс қажет.


Бөлме гүлдеріне қыста қандай жағдай жасау керек?

Бөлме гүлдері мәңгіжасыл, түспежапырақты және жазғыжасыл болып бөлінеді. Қыстан жақсы шығу үшін әр түрдің өзіне қажетті жағдай жасау керек.

  • Мәңгіжасыл бөлме гүлдеріне – монстера, сингония, пальманың барлық түрі, драцена және цитрусты өсімдіктер, фикус, алоэ, каланхое, кактус жатады.
  • Түспежапырақты өсімдіктерге – анар, інжір және өзге де бұталы өсімдіктер қысқа қарай өсіп өнуі баяулап, жапырақ тастайды.
  • Жазғыжасыл өсімдіктерге – түбі пияз болып келетін өсімдіктер, бегония, цикламен, гиппеаструм, амаралис жатады.

Мұндай түрдегі бөлме гүлдеріне ұзақ тыныштық, демалыс қажет емес. Мәңгіжасыл бөлме гүлдерінің қыс маусымы алдындағы күтімі жазғы күтімнен көп айырмашылықта болмайды.Оларды шамамен 20 градустық жылы жерде ұстау қажет. Дегенмен бірте-бірте суғаруды және тыңайтқыш беруді көктемге дейін азайту керек. Бірақ цитрусты және жеміс беретін мәңгіжасыл бөлме гүлдерін қысқы мезгілде салқын температурада ұстаған жөн.


Ал алоэ, каланхое секілді мәңгіжасыл бөлме гүлдері сәндік қалыпын жақсы сақтау үшін шамамен 14 градустық жылылықта ұстап, өте сирек суғару қажет.

Кактус гүлдерін 5-10 градустан жоғары емес температурада ұстау керек. Қысқа қарай кактус гүлдерін өте аз және сирек суғару қажет, тіпті кейбір жандар бұл гүлді қыс бойына суғармайды.

Бұл өсімдіктердің қысқы маусымға қарай барлық тіршілік процесі баяулағандықтан оларға ұзақ демалыс қажет. 10-15 градустық жылылықта сирек, бірақ молынан суғару керек, тыңайтқыштың қажеті жоқ. Түспежапырақты өсімдіктер ұзақ демалысқа кететіндіктен көктемге дейін өсудің ешқандай белгісін бермеуі мүмкін.

Мұндай гүлдерді күздің соңында топырақтан шығарып, ауру мен зиянкестерден тазартып, шамалы кептіріп, жаңа топыраққа ауыстыру қажет. 15 градустық жылылықта ұстап, құрғап қалмас үшін анда-санда бір су бүркіп тұрған дұрыс.


Жылы үйде тұрған бөлме гүлдерінің күтімі

Егер бөлме гүлдеріне арнайы орын мен бөлек бөлек күтім жасай алмайтын болсаңыз, онда олардың сол бөлме ішінде тұрған жерінен ауыстырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ алдында жасап жүрген күтімді, қалпынан ауыстырмай жасай беріңіз. Бірақ күн салқындағанда үйге қосылатын жылу салдарынан бөлмедегі ауа құрғап кететіндіктен көптеген бөлме гүлдері зиян шегіп жатады. Оған қоса таң кеш атып, күн ерте бататындықтан толық жарық жетіспей жатады.

Сондықтан гүлдейтін бөлме гүлдерінің барлығын бір жерге топтастырып, қосымша, жасанды жарық орнатқан жөн. Жарық гүлдерден 20-30 см биіктікте болуы керек. Егер гүлдерге мұндай жағдай жасалса, онда кейбірі қыс бойы гүл ашып тұрады.


Қыста гүлдерге ылғал қажет

Жылу салдарынан ауа тез құрғап, өсімдіктер жапырағы қарайып, сола бастаса, онда оларға қажетті ылғалды жасау керек. Оның бірнеше жолы бар:

  • бөлме температурасындағы немесе 2-3 градусқа жоғары жылылықтағы сүзілген (фильтрованный) сумен ұдайы жапырақтарын бүркіп тұру қажет;
  • арнайы ауа ылғалдағыш себуге де болады;
  • гүл құтыларының айналасына су құйылған ыдыстар қойып қоюға болады;
  • жылу батареяларының бетіне сулы сүлгі жауып қойыңыз.


Қоректендіруді ұмытпаңыз!

Қысқы маусым алдында гүлдерді қоректендіру жұмыстарын жүргізгенде тыңайтқыш қоспасы көктем мен жаз мезгілі кезіндегіден аз, әлсіз болуы керек. Сондай-ақ қоректендіргіш қоспа негізінен калий мен фосфордан болғаны дұрыс. Ал азотты қоспа тыңайтқышын көктемге дейін мүлде пайдаланбаған жөн.


Сәндік жапырақты гүлдер қоректендіруді қажет етпейді. Сонымен қоса күздің салқын ауа-райы жылынып кетсе, қыс жылы болса, онда үнемі терезені ашып бөлмелерді желдетіп тұрған жөн. Бірақ бөлмедегі гүлдерге тікелей салқын ауа ұрмауын, өкпек желдің (сквозняк) болмауын қадағалау керек. Егер сыртта қатты салқын бола тұрып, бөлмені желдету қажет болса, онда гүлдерді газетпен орап қоюға болады.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!

Тағы оқыңыз: Паркет еденді 5-6 айда бір рет майлап тұру керек

Дайындаған: Базарбаева Э,

ERNUR.KZ.