Нан КӨГЕРІП, ҚАТЫП немесе арасы БЫЛЖЫРАП кетпесін десеңіз...

0
4 519

Ыстық күнде НАН бұзылып кетпеу үшін қолданатын әдістер бар.


Нан КӨГЕРІП, ҚАТЫП немесе арасы БЫЛЖЫРАП кетпесін десеңіз...

Қыстың күні, суық мезгілде нанды сақтау қиындық тудырмайды. Ал жаздағы аптап ыстықта нанды күнделікті дүкеннен алып немесе үйде жауып отырсаң да кейде қатып, көгеріп қалатын кездер кездеседі. Ыстықтан бөлке нандардың арасы желім секілді болып қалса, жұқа жабылған (лепешка) нандар қатып қалады.

Ендеше нанды көгеріп, қатып қалмас үшін қайда сақтау керек? Ұзақ сақтаудың құпиясы қандай?Қатқан нанды қалай қалпына келтіруге болады?

Осы сұрақтардың жауабын төменнен табасыз.


Нанды қайда сақтау керек?

Қазір көпшілігіміз нанды арнайы нансалғыш ыдыста сақтаймыз. Бірақ заманына қарай олар түрлі материалдардан жасалады - керамика, ағаш, пластмасса.

Ең көп тараған, бағасы қолайлы – пластмассадан жасалған нансалғыш. Бірақ сарапшылар нан сақтауға ең дұрысы ағаш ыдыс деп есептейді. Қазіргі сарапшылардың зерттеп айтып жүрген бұл пікірлерін атам қазақ ежелден-ақ білген. Өйткені бұрынырақта әр үйде нан салуға арналған ағаш ыдыстар болатын.


  • Ағаш ыдыс ылғалды өзіне жақсы сіңіреді. Сондықтан онда тұрған нанның арасы көгеріп кетпей ұзақ уақыт жақсы қалпын сақтап тұрады. Сондай-ақ нансалғышты ыдыс жуатын жерден алыс және жарық, құрғақ жерге қою керек. Бұл да нанның ұзақ уақыт сақталуына әсер етеді.
  • Кенеп немесе мата қалташаға орап ағаш шкаф ішіне сақталған нан да өзінің жақсы қалпын 2-3 күн ұстап тұрады. 2-3 күннен кейін нан қата бастайды, бірақ дәмін жоғалтпайды.
  • Полиэтиленді қалталар нанды 5 күнге дейін жұмсақ қалпында ұстап тұра алады. Мұндай қалталар ылғалды ұстап тұрады. Сондықтан ондағы нан оңайлықпен қатпайды. Алайда ылғалдың ұзақ сақталуы түрлі бактериялардың көбеюіне тікелей жол ашады.


Ағаш ыдыстың тазалығы: Аптасына бір рет 1 л суға 3 тамшы сірке суын қосып, сол қоспамен ыдысты сүртіп шығыңыз. Ас бөлмені жиі желдетіп тұру керек.


Матадан жасалған нан сақтайтын қалташаны айына 2-3 рет жуу қажет. Жуғанда тек кір сабын пайдаланған дұрыс. Себебі ұнтақ пен өзге де жуу құралдары қалта ішінде сақталатын нанның сапасына теріс әсер етеді.



Нанды ұзақ сақтау құпиялары

  • Нан салатын ыдысқа нанның қасына алма немесе аршылған картоп қойыңыз. Бұл көкөніс пен жеміс артық ылғалды сіңіріп алады, нан қатпайды.
  • Жаңа піскен нанды алдымен суытып алу керек. Тек үш сағаттан соң ғана ыдысқа салуға болады.
  • Нанды беті жабылатын сырлы ыдыста матаға орап салған дұрыс.
  • Нан қатып, көгеріп кетпес үшін 3 қабаттан тұратын қалтаға салу керек: ішкі, сыртқы қабаты мата, ал ортасы пластик. Мұндай қалтада нан 3-4 күн жұмсақ болып көгермей тұрады.
  • Пакет қалтаны тұзды суға салып, 15-20 минутқа қою керек. Тұзды судан алғаннан кейін шайылмаған күйі кептіріп, нан сала беруге болады.


Нанды тоңазытқышта сақтау қаншалықты дұрыс?

Қазір көпшілік қыз-келіншектер нанды тоңазытқышқа салып сақтайды. Себебі онда нан 6-7 күнге дейін тұра береді. Алайда бұл дұрыс па? Ол үшін бірнеше ережені есте сақтап, ұстанған дұрыс.


  • Ұнның өзге иістерді өзіне тез сіңіріп алатынын ескеріңіз. Сондықтан нан өнімдерін тоңазытқышқа пакет қалтаға орап немесе нан салатын ыдысымен қою керек.
  • Дұрыс суып үлгермеген нанды, жылы күйінде тоңазытқышта сақтауға болмайды.
  • Кеөгере бастаған нанды тоңазытқышқа салу ұсынылмайды. Салқын ауа көгеріп жатқан процесті тоқтата алмайды.


Қара нан мен ақ нанды бірге сақтауға болмайды

Ақ, қара, сұр - әрбір нанның өзінің жеке микрофлорасы болады. Сондықтан әртүрлі сұрыптағы нандар бірге тұрған жағдайда тез бұзылады.

Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ