​Шабдалы ағашынан мол өнім алудың жолдары

0
6 634

Әрбір бау-бақшасы жайқалған үйде жеміс ағаштарының көптеген түрлері кездеседі. Соның ішінде өте нәзік, шырынды жемісі бар шабдалы ағашы туралы біраз ақпараттар мен мол өнім алудың жолдарын сөз етеміз.


​Шабдалы ағашынан мол өнім алудың жолдары

фото: istockphoto.com

Әрбір бау-бақшасы жайқалған үйде жеміс ағаштарының көптеген түрлері кездеседі. Соның ішінде өте нәзік, шырынды жемісі бар шабдалы ағашы туралы біраз ақпараттар мен мол өнім алудың жолдарын сөз етеміз.

Шабдалы ағашының бес түрі бар.

  • Кәдімгі шабдалы
  • Гансун шабдалысы
  • Давид шабдалысы
  • Потанин шабдалысы
  • Ғажайып шабдалы

Шабдалы ағашының барлық түрлері кәдімгі шабдалы ағашын будандастыру арқылы тараған. Кәдімгі шабдалы ағашының биіктігі 6 — 8 метр, түсі қызғылт, сары немесе ақшылдау. Ол 2 — 3 жылдан бастап 15 — 20 жылға дейін жеміс береді. Жемісі етті, ішінде сүйегі бар, қышқылтым, шырыны тәтті, құрамында қант, органикалық қышқылдар, А, С витаминдері көп. Дәнінде болатын шабдалы майынан тамақтық заттар мен дәрі жасалады.

фото: yandex.kz

Әр шабдалы ағашынан 20 — 120 кг аралығында жеміс алынады. Жемісі жастай және кептірілген күйінде (компот, тосап, тәтті сусын, т.б.) пайдаланылады. Өнімді мол алу үшін топырақты құнарландыру, уақытымен суғару және қажетсіз бұтақтарын кесіп, сиретіп отыру керек. Осы орайда шабдалы ағашының жемісін мол беріп, ұзақ жасағанын қаласаңыз мына кеңестерді керегіңізге жаратыңыз:

  • Шабдалы ағашының қалыптасуының басты кезеңі оны дұрыс кесіп, қырқу. Бұл ағаштың әдемі қалыптаөсуіне және сапалы да мол өнім беруіне тікелей ықпал жасайды.
  • Керексіз өскіндерді қырықсаңыз ағаштың түбіне, бұталарына жарықтың мол түсуіне әсер етеді.
  • Қураған, гүлдемеген бұтақтарды қырқу, тамырдың нығаюына, күшті болуына көмектеседі.
  • Жеміс беретін жаңа бұтақшалардың шығуын көбейтеді.
  • Әрі алатын өнім мол, көлемді және тәтті болады.

Ағаштағы артық бұтақтарды, өскіндерді қырқу күзде ғана емес, көктем, жаз айларында да жүргізіледі. Дұрыс жасалмаған жұмыстан аз, көлемі кішкентай, әрі толық пісіп жетілмеген өнім аласыз. Сондықтан:

  • Егер ағашыңыз жас,отырғызылғанына көпболмаған болса, онда оның жан – жаққа шашырап тұрған артық өскіндерін қырқып тастаңыз. Бұл сізге ағашыңыздың әдемі қалыптасуы мен тез өсуіне әсер етеді. Өскінді (побег) бүртіктің (почка) үстінен 3 мм биіктікте сыртқа қарай қиғаштап кеседі.
  • Орныққан, жемісін беріп жүрген ағаштардағы аралас бұтақтардың ішінен жіңішкесін қырқу қажет. Жуан бұтақтарды түзу кеседі. Егер бұтақ жуан әрі салмақты болса онда сынып ағашты жарып жіберуі мүмкін.
  • Кішкентай бұтақшалар, бұлардан өнім күтпеңіз, гүлдеген болса да аз өнім береді, әрі одан кейін қурап қалады. Сондықтан бұларды көктемде қырқып тастау қажет.
  • Жазда шығып, тамыз айының соңдарына қарай қалыптасқан бұтақшаларды міндетті түрде күздің соңында кесіп тастау қажет.
  • Көптеген жағдайларда бұталар екі айыр болып өседі. Бұлар қолайсыз ауа- райында шыдас бере бермейді. Сынған жерлері қурап қалады немесе қыста үсіп кетеді. Мұның алдын алу үшін айыр болған бұтақтарды көктемде қырқу қажет.
  • Былтырғы жылда жеміс берген бұтақшалардан арылтыңыз. Себебі олар осы жылда өнім бермейді.

Есте сақтайтын жайттар:

  • Әрқашанда өткір қайшымен кесіңіз, өтпейтін қайшы (секатор) ағашты сындырады, сынған жер ауруға шалдығады.
  • Бүртіктен 3 мм жоғары кеспеңіз, себебі өте биік кессеңіз сабақ кеуіп кетіп бүкіл бұтақ қурап қалуы мүмкін.
  • Бүртікке тым жақын да кеспеңіз, себебі байқаусызда бүртікті жаралап алсаңыз келесі бүртік те өледі.
  • Бүртік жаққа қаратып қиғаштап кеспеңіз, себебі, жауынның суы ағып бүртікке келеді. Осының салдарынан бүртік өліп қалады. (Бүртіктен гүл шығады).

Жалпы көктемгі қалыпқа келтіру жұмыстары ағаштың дамуын жақсартып, өсуін тездетеді. Қырқу жұмыстары ағаштың бүр жарған кезі наурыз айының соңы мен сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Кейіннен екі үш апта өтіп, гүлдеген кезде гүлі аз немесе гүлдемеген бұтақтарды кесуге болады. Сондай-ақ алғашқы түйіндер пайда болып гүлдер түсе бастаған кезең де қырқуға қолайлы кезең. Бірақ бұл бір аптаның ішінде орындалуы тиіс шара.

Көктемгі қырқудың негізгі ерекшелігі бұталардағы өнімнің өсу уақытын ұлғайту. Артық керексіз бұтақшалардан арылған соң негізгі күш пен минералдар өнім беретін бұталарға ауысады. Шабдалы ағашы жақсы күтімді талап етеді. Сол себепті ондағы майда, ауру, сынған бұталарды қырқып отыруға қорықпаңыз. Бұл сізге мол және сапалы өнім алуыңыздың кепілдігі.

Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ