ҮЙДЕ де БАНАН ӨСІРІП жемісін жеуге болады

0
4 301

Бананды жеміс алу үшін де, сән үшін де өсіруге болады.


ҮЙДЕ де БАНАН ӨСІРІП жемісін жеуге болады

Бау бақша, гүл өсіруге қызығатын жандар ерекше дүниелерді жасап көруге тырысып жатады. Жеміс ағаштарын бір-бірімен будандастырып немесе жаңа ерекше сұрыптарын отырғызып жатады. Бөлме гүлдерін өсіретін жандар да солай. Түрлі ерекше гүлдерді өсіріп көріп жатады. Қазір бақша өсіретіндердің көпшілігі тропикалық жемістерді өсіріп көріп жатыр. Ананас, інжір, лимон, құрма тағы да басқа. Сол секілді дастарханның сәніне, кішкентайлардың сүйсіне жейтін жемісіне айналған бананды да үйде, ыдысқа өсіруге болады. Ендеше банан жемісі, оның сұрыптары туралы, үй жағдайында қалай өсіріп, қалай жеміс алуға болатыны жөнінде қызықты, керекті мағлұматтарды алған артық емес.


Банан туралы

Көпшілік бананды жемістер қатарына жатқызады. Алайда, ол - жидек. Ең үлкен банан ағашының биіктігі, орташа есеппен, 10 метр, ал диаметрі - 50 сантиметрге жетеді. Оның бір сабағында 300 бананға дейін болады. Бұл, шамамен, 500 келіге дейін тартады. Банан тек сары түсті ғана емес. Оның қызыл және қара түстісі де бар. Алайда олар жұмсақ болғандықтан тасымалдауға жарамайды.


Үй ішінде өсіруге болатын түрлері

Бананның түрлі сұрпы болғанменен оның тек кейбірі ғана бөлмеде өсіруге жарайды. Оның үстіне бөлмеде өскен бананның барлығы бірдей жеуге жарамды жақсы жеміс бере бермейді.

Бананның тек сәнді жапырағы үшін ғана өсірілетін түрлері бар. Бөлмеде өсетін банан сұрыпының ең көп тараған түрлері:


Түкті банан (Musa velutina)

Бұл сұрыпты аласа немесе қызғылт деп те атайды. Бір жылдан кейін -ақ гүлдей бастайды. Сары гүлі, нәзік хош иісі бар. Ашық жасыл жапырақтарының жиегі қызғылт түсті болып келеді. Жемісі үлкен емес, қызғылт түсті.


Кавендиш бананы (Musa acuminata Dwarf Cavendish)

Өзінің кішкентай бойымен ерекшеленеді. Кішкентай көлемдегі жемістерді мол береді. Гүлдеген кезде қою қызыл түсті балауыз секілді көрінеді.


Жәннат бананы (Musa paradisiaca)

Бананның бұл түрі кеңінен танылған. Басты кемшілігі бөлмеге өсіретін аласа бойлысын табу қиын. Негізгі биіктігі 2 метрге жақын болады.


Қызыл банан (Musa sumatrana Zebrina)

Жасыл жапырақта қою қызыл өрнегі бар бананның түрі сән үшін өсіріледі. Бұл сұрыптың өнімі де қою қызыл болады. Бірақ бұл өнімді жеуге болмайды.


Банан жемісі жоғарыда айтып кеткендей өте биік, жапырақтары үлкен өсімдік. Оның бөлмеде өсіруге болатын аласа түрлерінің өзі өзгеге өсімдіктерге қарағанда ірі болады. Сондықтан банан жемісін үлкен терезе алдына өзін ғана қойып өсіре аласыз.


Дәнін алу

Негізі бананның дәнін арнайы дүкеннен алуға болады немесе сатып алған бананнан өзіңіз де ала аласыз. Әрине дәнді өз қолыңмен алып оны өсіру біршама еңбекті қажет етеді және кейде бірден нәтиже бермеуі де мүмкін.


Бананнан дәнін алу үшін оны полиэтиленді қалтаға орап, толық қарайғанша күту керек. Тек ол үшін толық піскен банан қажет. Қарайған бананды алып мұқият кесіп, жұмсақ етін аламыз. Жұмсақ еттің ортасында қара немесе қара-қоңыр дән болады. Дәнді жұмсақ еттен тазартып, матаға немесе қағаз сулыққа қойып шамалы кептіріп аламыз. Дәндерді сұрыптап жалпақтарын алып тастаймыз. Олар өнбейді. Тек домалақ дәндерді ғана аламыз.

  • Дәндерді суға салып 3-4 күнге жылы жерге қоямыз.
  • Кейін тағы жылы сумен шайып алып кептіру керек. Тек осыдан кейін ғана егуге дайын болады.


Кейбір бағбандар дәнді суға салып жібітпейді. Жұмсақ етінен тазартып алған соң қағаз сулыққа немесе дәретхана қағазына орап, бірден ыдысқа топыраққа отырғызады. Молынан суғарып тұрады.

  • Топырақты дәнді екпей тұрып ыстық су құйып өңдеп алу керек.
  • Алғашқы кезде еккеннен кейін ыдыстың бетін полиэтилен қалтамен жабу керек. Өніп шыққан соң алып тасталады.Өсіп шыққан соң бойы 10 см жеткенде жеке дара ыдыстарға отырғыза беруге болады.
  • Банан тұрған жер жыл бойы жылы болғаны жөн. Көктем мен жазда, өсіп өнетін кезде температура +20 мен 30-дың ортасында болу керек. Қысқы мезгілде +16 +17-ден төмендемеуі қажет.
  • Банан жемісін жиі емес, бірақ молынан суғару қажет. Ал ыстық құрғақ ауа-райында күніне екі рет суғаруға болады.
  • Банан да өзге өсімдіктер секілді өсіп, гүлдеп, өнім беріп жатқан кезде қоректі қажет етеді. Әмбебап минералды қоспаны органикалық тыңайтқышпен араластыра отырып беру керек. Өсіп-өну кезінде бананды аптасына бір рет қоректендіру қажет.
  • Бұл өсімдік жарықты, тіпті тікелей күн сәулесін жақсы көреді. Қысқы мезгілде де жарық пен жылу мол болу қажет.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ