"ҰЛ" ма, "ҚЫЗ" ба?" - ҚАРБЫЗДЫ қалай ТАҢДАУ керек

0
3 468

«Ұл қарбызға» қарағанда «қыз қарбыздың» дәні аз және әлдеқайда тәтті болады.


Қазір барлық көкөніс-жеміс жидектердің пісіп-жетіліп жатқан кезі. Олардың ішіндегі ең кереметі, үлкен-кішіге қатар ұнайтыны – қарбыз болса керек. Тек кейде көзіміз бен сатушы қатар алдап, піспеген немесе пісіп кеткенін алып қойып, көңіліміз түсетіні бар. Ал мамандардың айтуынша қарбыз таңдау түк емес екен. Ол үшін бар болғаны алатын қарбызды айналдыра мұқият қарап шығу жеткілікті.


"Ұл" ма, "қыз" ба?

Тәжірибелі дихандар қарбызды әзілдеп жынысқа бөліп қарайды.


  • «Тұмсығында» тұрған қара дақ (сабағы бар жағына қарама-қарсы бетінде) үлкен болса, онда ол «қыз» қарбыз.
  • Ал тұмсығындағы дағы кішкентай, ол – «ұл» қарбыз деседі.


Әрине, қарбыздың ұл-қызы болмайды. Бірақ осы даққа қарап қарбыздың тәттілігін ажыратуға болады. Тәжірибе дәлелденгендей «ұл қарбызға» қарағанда «қыз қарбыздың» дәні аз және әлдеқайда тәтті болады екен. Сондай-ақ «қыз қарбыз» доп-домалақ болып келеді.



Түбіндегі сабағы арқылы да таңдауға болады

Қарбыз таңдаудың тағы бір жақсы тәсілі – оның түбіндегі сабақшасына назар аудару. Қарбыз жақсы піскен уақытта түбіндегі сабақшасы кеуіп, құрғай бастайды. Сондықтан егістіктен жиналған кезде олар негізгі аналықтан оңай үзіліп түседі. Егер қарбыздың түбіндегі сабақшасы пышақ немесе қайшы секілді заттармен мұқият кесілгені байқалса, онда оны алудың қажеті жоқ. Себебі өзі үзілмей, кесіліп алған қарбыз не піспеген, не кесілген соң қызарған, бірақ дәмі жоқ солғын тартқан болып шығады.

Үзілгеніне біраз болған піспеген қарбыздың сабақшасы да, піскен өнім секілді сарғыш болуы мүмкін. Бірақ ондай сабақша қатты қурап тұрмайды, тек солғын тартады.


Қарбыздың піскенін шертіп таңдауға да болады

Бұл тәсілді білмейтін, естімеген жан кем шығар. Бар болғаны бірнеше қарбызды шертіп көріп, дыбысын салыстыру қажет.


  • Жақсы, толық піскен қарбыздан анық және зор дауыс шығады.

  • Піспеген қарбыздың дыбысы жәй болады.


Топырақтан қалған дақ

Әрбір қарбыздың қабығында сарғыш тартқан тұсы болады. Ешқандай сызық пен жасыл түсі жоқ аймақ – топырақтан қалған дақ. Яғни, топыраққа тиіп тұрған тұсы сарғыш тартып тұрады. Көп адамдар мұндай дағы бар қарбызды сапасы нашар деп, алуға қорқады. Ал шын мәнісінде бәрі керісінше, сарғыш түсті дағы бар қарбыздар тәтті, шырынды келеді.



Кесіп көруге болмайды

Кейде қарбызды тексеру үшін түбін кесіп көріп жатамыз. Алайда мұндай тәсілмен қарбыз таңдауға болмайды. Бұл тазалыққа жатпайды. Яғни, ешкім қарбыздың сыртын жуып, тазалап сатпайды. Сондықтан мұндай кезде қандай да бір микроб түсіп кетуі мүмкін.

Міне, осы кеңестерді қажетіңізге жаратып, тәтті, дәмді қарбыз таңдауда қателеспейсіз деген сенімдеміз.


Тағы оқыңыз: ТҮНДЕ де ТАЗА АУА "шығаратын" БӨЛМЕ ГҮЛДЕРІ

Дайындаған: Базарбаева Э.

ERNUR.KZ